Енді Түркі мемлекеттері айтып келмейтін табиғи апаттар кезінде өзара көмек көрсетеді. Мәжіліс осы орайда «Азаматтық қорғау тетігін құру туралы» құжатты қабылдады. Депутаттар Қытаймен жаңартылған энергия көздері бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға да келісті. Көп ұзамай елде төрт «жасыл» электр станциясы салынады. Бұл – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаһандық жылынудың алдын алуға бағытталған жүйелі шешім. Мәжіліс мінберінде сөз алғандар тағы не деді? Айсәуле Съезбек баяндайды.
«Өміріңді 30 күнде өзгерт», «Миллионерше ойлан», «Табыстың 4 құпиясын дәл бүгін саған ғана айтамын» деген ұранды жарнамалардан көз сүрінеді. Әккі коучтар псевдо-тренингтерін сатудың түрлі жолын меңгерген. Клиенттерді қыздырады. Дәл бүгін алсаң, елу процент жеңілдік деп соғады. Бөліп төлесең, түк білінбейді деп алдайды. Түкке тұрғысыз курсты қымбатқа қалай алғанын азаматтардың өзі де білмей қалады. «Қызыл ақшаға алған ақпараттары адамдарды рухани аздырып, психологиялық тоздырып бітті», - дейді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Тренинг барысында қатысушылардың телефондарын жинап алып, психологиялық және моральдық қысым көрсету арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғады. Алғашқы кезеңде адамды көпшілік алдында жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Кейбір жағдайда қорлау мен ар-намысқа тиетін әрекеттерге итермелейді. Екінші кезеңде қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту, қоғамдық орындарда әдепке сыймайтын әрекеттер жасау сияқты тапсырмалар жүктеледі. Бұл – адам санасын тәжірибе алаңына айналдыру.
Депутаттың сөзінше, мұндай орталықтардың жұмыс тәсілі бір. Курс аяқталса да, адамдарға маза бермейді. Қаржылық пирамида секілді артынан 3 адамды шақыруға міндеттейді. Көнбесе, жеке мәліметтерін жариялаймыз деп қорқытады. Мұндай құрылымдарды деструктивті секта ретінде қарастырып, қатаң шара қолдану керек деді депутат. Ал халық қалаулыларының тағы бір тобы әлеуметтік осал топ өкілдеріне сатылатын пәтер үлесін 70-тен 50 процентке қысқартуды ұсынды. Себеп – бұл санаттағы азаматтардың төлем қабілеттілігі ипотека рәсімдеуге жетпей жатыр.
МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мысалы, Тараз қаласы бойынша өткен 2025 жылы 706 пәтер сатылымға шығарылса, азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты небәрі 588 пәтер ғана берілді. Ал биыл Тараз қаласы бойынша 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталып, сатылымға шығарылғалы отыр. Заңнамаға сәйкес, аталған үйлердің 70% немесе 895 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылса, былтырғы жағдай тағы да қайталануы әбден мүмкін.
Бүгінде баспана алу кезегіне тұрған азаматтардың 54% – әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Пәтерлердің уақытылы сатылмауы жергілікті атқарушы органдардың облигациялық борыштарын мерзімінде өтеуге кедергі келтіріп отыр. Енді құрылыс министрлігі онсызда үй алуға шамасы келмей отырғандардың несібесін тағы қысқарта ма? Әлде ипотека шарттарын жеңілдете ме? Таңдау атқамінерлерде.