БҚО ауылдарында қоқыс төгетін арнайы полигон жоқ

Батыс Қазақстан облысындағы ешбір ауылда қоқыс төгетін арнайы полигон жоқ. Қағаз жүзінде құжаттары жасақталғанымен, бәрі жоба күйінде қалған. Соңғы жеті жылда аймақта бірде-бір қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынбапты.

Облыс орталығы мен іргелес елдімекендердің тұрмыстық қалдықтары қалалық қоқыс полигонына төгіледі. Бірақ жарты ғасыр бойы үйінді үйілген бұл жердің өзі лық толы. Қаланың сиқы осы болса, ауылдарда арнайы полигон атымен жоқ. Қоқыс далаға, ал әжетхананың сарқынды суы сай-салаға төгіліп жатыр.

ТАЛҒАТ ДОСМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Адамдардың бәрі де жасыратыны жоқ, әжетханаға барады. Үйдің ішінде, жылы жерде болғысы келеді. Заманауи, оның бәрі технология. Бірақ соның бәрін қайда апарады деген мәселе. Ауылдың қасындағы қоқыс полигоны дейді, мысалы. Олар да қараусыз. Олар кімнің балансында тұр? Оларға кім жауап береді?

Қоқыстан құтылуға асыққандардың кейбірі қалдықты жол жиегі мен тоғайға тасиды. Табиғатқа залал келтіргендер  анықталып, айыппұл арқалады.

МАКСИМ МАСАЛИМОВ, МИЧУРИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Округ ішінде полигон керек. Ауылда тұрамыз, көктемде көң шығарамыз, құрылыс қалдықтары бар. Жөндеу жасайтындар да бар. Жеке кәсіпкерлер бір камаз бен погрузичкке 45-50 мың тг сұрайды. Негізі қалалық қоқысханаға апарып тастау керек. Сондықтан жергілікті тұрғындар қайда апарып төгерін білмейді.

Бүгінде облыстағы ешбір ауылда қоқыс төгетін арнайы полигон жоқ. Жобалық сметалық құжаттары болса да, бәрі сол жоба күйінде қалыпты. Осылайша соңғы жеті жылда бірде-бір қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынбады, дейді экологтар.

АЛМАТАЙ ЖҰМАҒАЗИЕВ, БҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Ауылдық тұрмыстық полигондар деп айтқанмен, ол қоқыс төгетін орын деп атау керек Жылына жазда және көктемде екі-үш ай "Қазсат" спутнигі ұшып, қай жерде заңсыз қоқыстар қайда болғаны мәлімдеп отырады. Бізде өкінішке орай, облыстың орталығынан ғарыш сапары радиусы 100 шақырым жерді түсіріп тұр. Қалған аудандар кірмей отыр.

Қырағы спутник қалт жібермеген 6 ауданның өзінде тұрмыстық қалдық заңсыз төгілген 183 аумақ анықталыпты. Осылайша қоқысқа көміліп, қамсыз отырған жауапты шенеуніктерге 200 мың теңгеден айыппұл салынған. Ал экологтар айыппұл салғанша, арнайы полигон салу керек деген ұстанымда, әйтпесе мәселе шешілмейді.