Астанада «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» экологиялық жобасы таныстырылды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласындағы №115 Келешек мектепте «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» атты экологиялық-білім беру жобасының таныстырылымы өтті.

Аталған жоба 2025-2026 оқу жылына арналған және оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларын дамытуға бағытталған. Жобаның басты мақсаты – оқу кеңістігінде экологиялық таза, жасыл орта қалыптастыру арқылы балалардың жауапкершілігін, бақылау қабілеті мен эстетикалық талғамын арттыру.

«Өсімдіктерге күтім жасау арқылы балалар жауапкершілікке, қамқорлыққа және табиғатты сүюге үйренеді. Бұл – экологиялық сананы ерте жастан қалыптастырудың тиімді жолы», – дейді жоба жетекшісі Жанна Пак.

Жоба бірнеше кезеңнен тұрады: өсімдіктерді отырғызу, оларды күтіп-баптау және бақылау, сондай-ақ толыққанды фито-сынып қалыптастыру. Сонымен қатар, «Фантазия в горшке» шығармашылық бағыты аясында оқушылар мен ата-аналар бірлесіп, креативті идеяларды жүзеге асырады. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы QR-код жүйесі енгізіліп, сыныптағы өсімдіктердің өсу барысын фотоальбом форматында бақылауға мүмкіндік жасалады.

Іс-шара барысында да сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – тек тазалық шарасы ғана емес, ол экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» жобасы – осы бастаманың нақты көрінісі. Мұндай жобалар арқылы біз өскелең ұрпақты табиғатқа жанашыр, жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейміз», – дейді «AMANAT» партиясы «Нұра» аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Жакупова.

«AMANAT» партиясы экологиялық бағыттағы білім беру бастамаларын алдағы уақытта да қолдап, жас ұрпақтың экологиялық санасын арттыруға бағытталған жобаларды кеңінен дамытуға ниетті.