Жаңаөзенде 34 жастағы ер адам дәрігерді пышақтап өлтірді. Қанды қылмыс аурухана дәлізінде болған. Қаза тапқан терапевттің жасы небәрі 29-да. Өкінішке қарай, ақ халаттылар ауыр жарақат алған әріптесінің өмірін сақтап қала алмады. Полицияның мәліметінше, қайғылы жағдай дәрігердің кәсіби қызметіне байланысты емес. Бейресми ақпарат бойынша екі арадағы дауға қызғаныш себеп болуы мүмкін. Күдіктінің әйелі қылмыс болған медициналық мекемеде медбике екені мәлім. Олардың кәмелетке толмаған 5 баласы бар. Күдікті 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
АБАЙ СҮЙРІБАЕВ, ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ:
Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен полиция бөліміне өз еркімен келіп, кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу шаралары жүргізілуде.