Жетісу облысында аудан орынбасары 5 жылға сотталды

Жетісу облысы Алакөл ауданында әкім орынбасары бес жылға сотталды. Ол  Арқарлы ауылында электр желілерін салу және қайта жаңғырту кезінде орындалмаған жұмыстарға қол қойып, бюджеттен 189 млн теңгеден астам қаржының заңсыз аударылуына жол берген. Облыстық прокуратура өкілеттікті теріс пайдалану бабы бойынша қылмысты толық әшкереледі. Лауазымды тұлға сот үкімімен бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан қағылды.

ЕРАСЫЛ ОҢДАБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Алакөл ауданының орынбасары өзінің қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалана отырып, мердігер компанияға заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асырып, мемлекетке 189 миллион теңге көлемінде материалдық залал келтірген. Нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары аудандық соттың үкімімен кінәлі деп танылып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан  айыру жазасы тағайындалды.