Қарағанды қаласында бірнеше үй тұрғындары жылдар бойы суды тасып ішіп келеді

Қарағанды қаласында бірнеше үй тұрғындары 20 жыл бойы суды тасып ішіп келеді. Ескі Тихоновка кентіндегі жеке сектордағы  үйлер орталық су жүйесіне қосылмай қалған. Талай мекеменің табалдырығын тоздырып шаршаған жұрт шарасыздықтан суды 2 шақырым жердегі бұлақтан алуға мәжбүр. 

Светлана Коновалова әдеттегідей бұлақтан су алуға келді. Алыс болса да, амалы жоқ, ас- су, кір- қоң үшін бөшкелеп тасиды.

СВЕТЛАНА КОНОВАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұлаққа осылай машинамен келіп, су тасимыз. Бұрын бұл жер қатып қалып, қазып шаршайтынбыз. Қайта еріктілер көмектесіп бұлақты қоршап, шатыр тұрғызып берді. Бұл қала шеті дегенмен қала ішіне жатады. Қалада тұрып мына заманда су тасып ішу деген сұмдық қой?!

Светлана Коновалова бізге кірді қалай жуатынын да көрсетті. Әйел судың жоқтығына қарамастан кір жуғыш машинаны қолданады екен.

СВЕТЛАНА КОНОВАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бөшкені сумен толтырып насосты қосамыз. Ол суды тартып машинаға құяды. Кірді осылай жуамыз. Біз де адамбыз ғой, жайлы өмір сүргіміз келеді.

Ескі Тихоновка кенті деп аталып кеткен бұл жер Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы ауданына қарайды. Жеке секторға су құбырын коммуналшылар былтыр тартқан, бірақ осы маңайдағы бірнеше үйге су бәрібір жетпеді.

ЯСИН ТУРЛУЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

7жыл бұрын көшіп келгенбіз. Содан бері су жоқ. Ауыз су тасып ішеміз, шаруашылыққа құдық қазып алдық. Бұлай деу күлкілі әрине, бірақ бізді әлі қоспай отыр.

Жауапты «Қарағанды Су» серіктестігі жаңа су құбыры салынғанмен, үйге су тарту тұрғындардың өздеріне байланысты екенін мәлімдеді.

«ҚАРАҒАНДЫ СУ» ЖШС:

Үйге су кіргізу үшін тұрғындарға техникалық шарттар алып, құбырдан өздеріне дейін тартып алуы керек. Техникалық шарттар қазірден бастап беріледі. Қыста сынақ жүргізу мүмкін емес, сондықтан көктемде су кіргізуге болады.

Сондықтан тұрғындар алдағы көктемде құбырдан өз үйлеріне су тарта алады. Тек ол үшін өтініш жазуы қажет.