Жаңа Конституцияда өлім жазасына түбегейлі тыйым салынуы мүмкін. Конституциялық комиссияның кезекті отырысында осындай ұсыныс айтылды. Бұдан бөлек, сөз еркіндігі мен шығармашылық бостандыққа қатысты арнайы норма болу керек деген ой қозғалды. Бірпалаталы Парламент құру, депутаттарды сайлау жүйесіне қатысты өзгерістер қаузалды. Ең бастысы, пікірталасқа толы жиында жаңа Ата Заң мәселесін қарау ұсынылды. Бұл нені білдіреді? Толығырақ Аружан Задабек тарқатады.
Заңы үстем елдің заманы тыныш. Ал сол заңның өзегі – Ата заң. Ол елдің еңсесін тіктеп, жұрттың құқығын қорғайды, әділет пен теңдіктің таразысын тең ұстайды. Біздің құжат осы мақсатқа лайық болу үшін заман талабына сай бірнеше рет өзгерді. Тағы түрленеді деген жоспар бар. Бұл жолы 77 бап түзетіліп, Конституция мәтінінің 84 проценті жаңарады. Бұл жолы кіріспеден бастап саяси реформаларға дейін түп-тамырымен реттеу ұсынылған.
ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:
Бұл нормалардың ең басты маңызы балалардың өмірінде көрініс табатыны. Әрбір көрсеткіштің артында баланың тағдыры мен отбасылардың өмірі тұр.
Пікірталасқа толы жиындағы ең маңызды сәт, комиссия мүшелерінің жаңа Ата Заң мәселесін қарау туралы ұсынысы. Бұл не деген сөз? Алғашында, Президент парламенттік реформалар аясында құжаттың шамамен 40 бабы өзгертіледі деп жоспарлаған. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп болды. Сөйтіп мәтіннің 84 проценті жаңарады деді. Демек, бұл енді фрагменттік түзетулер сериясы емес, ережелерді қайта құратын жаңа құжат жобасы болуы мүмкін.
ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен адам құқықтарының тереңірек реттелуі жаңартылған заңнамалық базаны қажет етеді. Мұның бәрі негізгі заңда көрініс табуы керек. Жекелеген түзетулер мұндай өзгерістерді орнықты іске асыру үшін қажетті тұтастық пен айқындықты қамтамасыз етпейді.
Конституциялық комиссияның кезекті отырысында референдум атауын жалпыұлттық референдум деп өзгертуді ұсынды. Бірпалаталы парламентке Құрылтай деген атау беру мәселесі де қаузалды. Комиссия мүшелері бұл атаудың артында тарих пен дәстүр жатыр дейді. Яғни жаңадан пайда болған ұғым емес. Ежелден бұл құрамға заң шығаратын, шешім қабылдайтын ақсақалдар топтасты. Құрылғалы тұрған органның қызметі де осыған ұқсайды. Ал «Халық кеңесі» Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың орнын басады. Оның құрамына Қазақстан азаматтары кіреді. 42 мүшесі елдегі этностардың өкілдерінен, тағы 42-сі қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ өңірлердегі мәслихаттардан 42 өкіл болады.
СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Әділетті мемлекет адамның құқығын қорғайды. Ал Халық кеңесі – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы көпір. Дәл осы алаңда халықтың үні естіледі.
Құрылтай депутаттары пропорционалды жүйе арқылы сайланады. Құрамында 145 депутат болады. Осы тұста «Пропорционалды жүйе азаматтардың сайлану құқығын шектейді» деген пікір айтыла бастады. Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Пропорционалды жүйе азаматтардың сайлану құқығын шектейді деген пікір – қате. Бұл – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын жүйе.
Ата заңда тұрғындар құқығына ерекше мән берілген. Жаңа құжатта адам – ең жоғары құндылық, ал оның құқығы мен бостандығы – басты талап. Сондықтан өлім жазасына конституциялық тұрғыдан тыйым салу ұсынылды. Қылмыстық процесте прокурор мен адвокаттың мәртебесін тең ететін норма енгізіледі. Енді Ата Заңда олардың мәртебесіне арналған арнайы бап бар.
МӘДИ МЫРЗАҒАРАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мен үшін ерекше маңызды әрі қуанышты жайт — адвокатты Конституция деңгейінде қылмыстық процесте прокурормен тең дәрежедегі тарап ретінде бекіту туралы ұсыныстың қолдау табуы.
Ата заң бар жерде алауыздыққа орын жоқ, ақиқат пен жауапкершілік қатар жүреді. Халықтың үні естіліп, мемлекеттің бағыты айқындалады. Сондықтан Конституцияға құрмет – елге, ертеңге, ұрпаққа деген құрмет. Демек, бұл құжат жай ғана мәтін емес, мемлекет алдындағы жауапкершілік.