"Пропорционалды жүйе мажоритарлық жүйемен салыстырғанда елеулі артықшылықтарға ие", - Айдос Сарым

 

 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Конституциялық комиссияның отырысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелеріне түсіндірме жасап сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Құрылтайдың мәртебесі, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, Халық кеңесінің рөлі, сондай-ақ Ата заңның жаңартылған преамбуласының маңызы жөніндегі мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, Конституция жобасындағы Құрылтайға арналған баптар парламенттік реформа аясында — жұмыс топтары деңгейінде де, Мәжіліс пен Сенат депутаттарымен бірлесіп те — жан-жақты пысықталған.

«Біз Құрылтай Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органға айналатынын мәлімдейміз. Ол 145 депутаттан тұрады, бұл негізінен елдегі сайлаушылар санына байланысты қазіргі және болашақтағы динамиканы көрсетеді. Референдумда қолдау тапқан жағдайда, Құрылтай бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша қалыптастырылады деп болжап отырмыз», - деді Сарым комиссияның бүгінгі отырысында. 

Айдос Сарым партиялық-пропорционалды жүйе төңірегіндегі пікірталастарға жеке тоқталып, сынның бір бөлігі қате немесе әдейі бұрмаланған түсіндірулерге негізделетінін атап өтті.

«Қазіргі таңда так называемый таза партиялық-пропорционалды сайлау жүйесі Бельгия, Испания, Финляндия, Швейцария, Болгария, Швеция, Норвегия, Нидерланд сияқты Еуропа елдерінде қолданылады. Сонымен қатар Аргентина, Бразилия, Боливия, Эквадор, Израиль, Индонезия және басқа да елдердің парламенттері осы жүйе бойынша қалыптасады. Сеніңіздер, бұл елдердің сайлаушылары, заң шығарушылары мен заңгерлері аталған жүйе азаматтардың сайлау және сайлану құқықтарын кемсітеді деп есептемейді. Бұл - қалыпты әрі салауатты халықаралық тәжірибе. Көптеген сарапшылар пропорционалды жүйенің мажоритарлық жүйеге қарағанда елеулі артықшылықтары бар деп санайды. Солардың бірі - әділдік факторы. Партиялар парламентте сайлаушылар берген дауыс санына дәл сәйкес орын алады», - деп атап өтті депутат.

Мәжілісмен Конституция жобасындағы Халық кеңесіне қатысты баптарды да бөлек атап өтті. Айдос Сарымның айтуынша, ұсынылып отырған тұжырымдамалар оның парламентті алмастырмайтын, бірақ қоғамдық диалогты күшейтетін ең жоғары консультативтік орган ретіндегі мәртебесін нақты айқындауға мүмкіндік береді.

Оның сөзінше, Халық кеңесі азаматтық қоғамның кең ауқымды өкілдерін, ірі үкіметтік емес ұйымдарды және өңірлік қоғамдық кеңестерді тартуға арналған алаңға айналады. Ол 126 мүшеден тұрады деп жоспарланып отыр және заң шығару бастамасы құқығына ие болады, бұл халықтың мемлекет басқаруына қатысуын едәуір кеңейтеді.

«Бұл - сайлаушылар пікірін ескерудің жақсы мүмкіндігі. Құрылтай құрамына кірмеген ел мен өңірлердің белсенді қоғам қайраткерлері Халық кеңесі арқылы өз идеяларын ұсынып, оларды мемлекеттік билік жүйесіне енгізе алады. Яғни, болашақта Халық кеңесі саясаткерлердің, болашақ парламент депутаттарының тұтас бір буыны үшін алаң әрі трамплин бола алады. Нәтижесінде халықтан түсетін заңнамалық бастамалар мен ұсыныстардың мүмкіндігі шамамен екі есеге артады», -  деді депутат.

Сөзінің соңында депутат Конституцияның жаңартылған преамбуласының маңызына тоқталып, оның мемлекеттің қалыптасу кезеңінен саналы әрі кемел қоғамның таңдауы кезеңіне өткенін көрсететінін айтты. Оның пікірінше, 80 пайыздан астам бапты қамтитын ауқымды өзгерістерді ескере отырып, жекелеген түзетулер емес, жаңа Конституция қабылдау мәселесін көтеру орынды.

«Мен президент болашақ Ата заңның преамбуласына қатысты қуатты идеялық, идеологиялық тұжырымдар ұсынды деп есептеймін. Ол тек ұлтымыз жүріп өткен тарихи жолды ғана емес, сонымен қатар мақсаттарымызды, ұмтылыстарымызды, болашаққа деген бағдарымызды көрсетеді. Бұрынғы преамбула, шынын айтсақ, енді ғана қалыптасып жатқан мемлекет пен қауымдастықтың шындығын бейнеледі. Ал қазіргісі — қалыптасқан мемлекеттің жауапты әрі берік таңдауы. Бұл — болашаққа ұмтылған, жетілген, жауапты қоғамның таңдауы. Бұл туралы осы залда да, осы мінберде де көп айтылды. Алайда Конституцияның преамбуласы — кітаптың алғысөзімен тең емес. Ол — бүкіл құжаттың идеялық негізі, моральдық бағдары және идеологиялық императиві. Шын мәнінде, преамбула өте ықшам түрде, небәрі он шақты жолға сыйғызылып, президенттің жолдауын бастапқы нүкте ретінде алсақ, жарты жылдық бірлескен жұмыс барысында қол жеткізгеніміздің бәрін қамтиды. Кеше 77 бапқа өзгеріс енгізілгені айтылды, бұл жалпы алғанда Ата заңның 80 пайыздан астамын құрайды. Сондықтан мен жеке өзім, көптеген әріптестерім сияқты, жаңа Конституция қабылдау мәселесін көтеруді дұрыс әрі орынды деп санаймын», -  деп түйіндеді сөзін Айдос Сарым.