Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында жаңа Парламент құрудың бірнеше аспектісіне тоқталып өтті. Ол өз сөзінде қазақ халқында құрылтайдың маңызына тоқталып өтті.
«Конституциялық реформа туралы айтқанда оны абстракталы ұғымдармен көмкеріп, тым күрделендірмеген жөн. Конституция – ол тек теория емес. Ол – нақты ережелердің жиынтығы. Мемлекет күнделікті соған сүйеніп жұмыс істейді, шешімдер қабылдайды, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Сондықтан мен сөзімді биліктің жаңа моделінің негізгі элементі құрап отырған тың құбылыс – Құрылтайдан бастауды жөн көріп отырмын.
Қазақ халқының тарихында құрылтайдың орны да, жөні де бөлек. Оны біз бірнеше рет айттық. Елдің сөзін ұстаған тұғырлы тұлғалар бас қосып, мемлекет үшін маңызды тағдырлы шешімдерді осынау алқалы жиында қабылдап келген. Біздің мақсатымыз – жай ғана атауды өзгерту емес. тиімді жұмыс істейтін экономикалық жан-жақты негізделген халықтың өкілдік ету жүйесін құру», – дейді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат сөзін жалғай отырып, осы ретте жаңа парламентті құрудың үш аспектісіне тоқталып өтті.
«Біріншісі. Құрылтайдың ықшамдылығы мен ұтымдылығы. Бұл орайда Конституциялық комиссия қосымша бюджеттік шығындарға жол бермеуді барынша ескергенін ата кеткен жөн. Бұл – өте маңызды қадам, қоғамға берілген нақты ишара. Яғни, біз тек билік үшін көбірек билік қалыптастырудан бойды аулақ ұстап отырмыз.
Егер парламентарийдің санын стандартты еуропалық формулаға сүйеніп, халықтың санымен немесе аумақтық қағидат бойынша есептесек, онда Құрылтайда 500-600 депутат болар еді. Әлемде ондай тәжірибелер бар. Мәселен, Еуропада депутаттар саны әрбір 25 мың адамға бір парлемантарий болуы керек деп есептесе, біздің жағдайымызда бұл цифр 140 мың адамға бір депутат формуласы пайдаланылып тұр. Яғни Қазақстанның болашақ Құрылтайы еуропалық стандарттармен салыстырғанда бес есе аз ықшамдалған Парламент болады.
Комиссия саналы түрде әрі ықшамды парламент формуласын таңдап отыр. Президент айтқандай, депутат санын көбейтпей, керісінше, оңтайландырып отырмыз. Бұл – ұсынылған сан үнемдеу үшін емес, тиімділікті арттыру үшін жан-жақты сараланып қабылданған байыпты шешім. Парламент ықшам болса, шешімді де жылдам қабылдап, нақты жауапкершілік арқалап, қоғамға да түсінікті болатыны айдан анық. Халық айтқандай, қашанда көп сөз – күміс, аз сөз – алтын екені белгілі», – дейді мәжілісмен.
Депутат сөзін жалғай отырып, Еуропа елдеріндегі жағдайдан хабардар етті.
«Екінші аспект – билік жүйесіндегі артық көпсатылылықтың салдары. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, үлкен парламент әрдайым қуатты парламент дегенді білдірмейді. Көп жағдайда ол заң шығару үдерісін тежейтін «заңнамалық батпаққа» айналады. Мысалы, ұзақ жылдар бойы Италия парламенті Еуропадағы ең ірі парламенттердің бірі болды: төменгі палатаның өзінде 630 депутат қызмет етті. Бұл шектен тыс бюрократияға және заңдардың қабылдануының жылдар бойы созылуына әкелді.
Соның нәтижесінде 2020 жылы ел радикалды қадамға барып, депутаттар санын үштен бірге қысқартып, 630-дан 400-ге дейін азайтты. Бұл заңнамалық инерцияны еңсеріп, үкімет жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталды. Ұлыбританияда Қауымдар палатасында 650 депутат, ал Лордтар палатасында 800-ден астам мүше бар. Соның салдарынан көші-қон, медицина сияқты әлеуметтік маңызы жоғары заңдар палаталар арасында «пинг-понг» процесіне түсіп, 20 реттен астам кері қайтарылып, ұзақ уақыт бойы қабылданбай қалады», – дейді ол.
Сөзін жалғай отырып, мұндай ауқымды жүйені жұмыс істету үшін Еуропа елдерінде билік қатаң процедуралық шектеулер енгізуге мәжбүр екенін, атап айтқанда, пікірталас уақытына лимит қойылып, қайта дауыс беруге тыйым салынғанын, ал бұл рәсімдердің мазмұннан басым түсетінінің айқын көрінісі екенін тілге тиек етіп өтті.
«Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог алаңындағы сөзінде депутаттар санын шамадан тыс көбейту орынсыз екенін атап өтті. Президент парламент жұмысын оңтайландыру және жетілдіру қажеттігіне баса мән берді. Нақты регламенті мен заң жобаларын үш оқылымда қарастыратын бірпалаталы Құрылтай – шексіз келісулерден, жабық ымыралардан және жауапкершіліктің көмескіленуінен саналы түрде бас тарту.
Мұндай модельде процедуралардың артына тығылу мүмкін емес. Шешім де, жауапкершілік те бар. Әріптестер, мен бір мандатты парламентке қатысты бұл шешім ықпалды парламент формуласын нығайту, тіпті тереңдету екенін айтпай кете алмаймын. Парламент мүшесі ретінде мен бұл шешімге дейін заң шығару процесінде түбегейлі өзгерістерге мүмкіндік беретін маңызды саяси реформалар болды деп санаймын. Мысалы, қазір қабылданған әрбір екінші ұлттық заң Мәжіліс депутатының бастамасымен қабылданады», – дейді депутат.
Сөзін жалғай отырып, қазіргі таңда қабылданып жатқан ұлттық заңдардың әрбір екіншісінің бастамашысы – Мәжіліс депутаттары екенін, бұл Қазақстан тарихында алғаш рет болып тұрған көрсеткіш екенін, тіпті заңсыз шығарылған активтерді қайтару, «Ұлттық қор – балаларға», лудоманияға қарсы іс-қимыл, нашақорлықпен күрес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, Цифрлық кодекс және жасанды интеллект туралы заңдар да Мемлекет басшысының қолдауымен депутаттар тарапынан әзірленгенін айтып өтті.
«Социологиялық зерттеулер де азаматтардың парламент институтына, әсіресе Мәжіліс депутаттарына деген сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетіп отыр. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесінде өкілді биліктің рөлі айқындаушы мәнге ие бола бастағанының және саяси реформалардың негізгі нәтижелерінің бірі екенінің дәлелі», – деп Елнұр Бейсенбаев сөзін қорытындылады.