Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды.
Оның жол құрылыс компаниялары және автобус парктерінің өкілдерінен 134 млн теңге сомасына заңсыз сыйақы алғаны анықталды. Тінту барысында үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың доллар тәркіленген.
Сондай-ақ осы өңірдің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақшалай қаражат алған.
«Сот санкциясымен көрсетілген адамдар қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.