Сондай-ақ форумда елдегі еріктілер қозғалысының дамуы, азаматтық қоғамның рөлі мен жастардың әлеуметтік белсенділігін кеңейту мәселелері талқыланды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген волонтерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен сарапшылар қатысты. Мемлекет басшысы БҰҰ жариялаған «Халықаралық волонтерлер жылында» атқарылуы тиіс басты міндеттерге жеке-жеке тоқталды.
Қазақстанда волонтерлік тек көмек көрсету емес, жауапкершілік пен бірлікке негізделген қоғамдық күшке айналды. Соңғы 5 жылда алтын уақыты мен қажыр-қайратын қайырымдылық жолында аямайтын еріктілер саны 6 есе өсіп, 300 мыңнан асты. Жанашыр азаматтар 800-ге жуық ұйым астына бірігіп, түрлі бағытта мейірім шапағатын шашып жүр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер.
Еріктілердің ерен еңбегіне ел куә. Олар пандемия, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылармен бірге алдыңғы шепте көмекке ұмтылды. Экологиялық акциялар мен ел үшін маңызды бастамаларда ортақ істен шет қалмайды. Мемлекет басшысы қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде дәлелдеп жүрген «Адал азаматтарды» қолдауға қашан да дайын екенін жеткізді. Волонтерлік жұмыста да жаңа технологияларды кеңінен қолдануға тапсырма берді. Үкімет 2030 жылға дейін саланы дамудың жаңа жол картасын әзірлейді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын.
Алда волонтерлік арқылы халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр. БҰҰ-ның осы бағыттағы бағдарламаларынан Қазақстан шет қалған емес. Биылғы халықаралық еріктілер жылы елімізде «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтеді. ТМД ұйымына мүше мемлекеттердің волонтерлері Астанада бас қосады. Ал сәуірде өтетін «Өңірлік экологиялық» саммитте үздік волонтерлік жобалар сараланады. Қоршаған ортаны аялау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан ел азаматтарының экологиялық мәдениетін арттыру қажет, - деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды. «Таза Қазақстан» қозғалысын ұлттық идея және мемлекеттік саясат ретінде міндетті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет.
Еріктіліктің енді бір формасы – корпоративтік қозғалыс. Яғни, ірі компаниялардың, бизнес қауымдастықтың ұжымдық волонтерлігі. Бақуатты адамдар ежелден қоғамды ілгерлететін іске үлес қосқаны тарихтан белгілі. Жақсылық жасап жарысқандарды мемлекет те ұмыт қалдырмайды. Президент бұйрығымен енді жомарт жандарға «Мейірім» ордені табысталады.