Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында ішкі істер саласында қызмет атқарған үш полиция қызметкеріне қатысты ауыр қылмыс жасағаны жөнінде ақпарат тарады. Онда полицейлер зорлау дерегі бойынша күдікке ілініп, қызметтен бірден босатылғаны хабарланған. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Алекешевтің мәліметінше, 18 жастағы қыздың арызы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысы ішкі істер министрінің қатаң бақылауында.
ШЫҢҒЫС АЛЕКЕШЕВ ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұрынғы полиция қызметкерлерінің қатысы бары туралы ақпарат толық көлемде тексеріледі және сотқа дейінгі тергеу аясында түбегейлі құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тексеру нәтижесімен аталған полицейлер қызметке кір келтіргені үшін теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылған. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде.