Енді тұрғын үй ауласында немесе подъезде тәртіп бұзғандар 200 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Тіпті 20 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Ал түнгі тыныштықты бұзғандар үшін де жаза қатаңдатылды. Биыл біраз өзгеріс бар, ол туралы тілшіміз Айғаным Тұрысбек айтады.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Көпқабатты үйде тәртіп бұзу - жай ғана көршілермен ұрыс емес, нақты айыппұлға әкелуі мүмкін. Мысалы, подъезге қоқыс қалдырсаңыз немесе темекі шексеңіз - 43 мың теңгеден бастап айыппұл салынады. Ал түнгі тыныштықты бұзғандар, яғни музыка қойып немесе жөндеу жұмыстарын рұқсат етілмеген уақытта жүргізгендер – 21 мың теңгеден аса айыппұл төлеуі мүмкін. Аулаға көлік жуу, газонға қою немесе кіреберісті бөгеп тастау да жауапкершілікке әкеледі. Мұндай заңбұзушылық үшін айыппұл 86 мың теңгеден 129 мың теңгеге дейін жетеді.
Подъезде ескі шкафтар, балалар арбалары немесе қораптар қалдыру - өрт қауіпсіздігін бұзу. Тұрғын үй дәлізі мен баспалдақтарда, аулада алкоголь ішкендерге де заң қатал. Бірінші немесе қайталанған бұзушылық кезінде тұрғынға әкімшілік шара қолданылады: қоғамдық жұмыс немесе қамау тағайындалуы мүмкін. Қабырғаға жазу, бұзылған почта жәшіктері, жарық шамдарын сындыру вандализм саналады.
Полиция ақпаратынша, көбіне шуға және кіре беріске қоқыс тастағандарға қатысты тұрғындардан шағым жиі түседі.
ЖАЛҒАС ШАЛҚАРБАЕВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
2026 жылдан бастап осы уақытқа дейін 800-ге жуық оқиға тіркелді бізде құқықбұзушылық және де оның бәріне айыппұл салынады. Түсіндірме, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үйдегі тәртіп ортақ жауапкершілікке байланысты. Подъездегі немесе ауладағы кез келген заңбұзушылық көршілердің қауіпсіздігі мен жайлылығына әсер етеді. Ал мұндай жағдайларда тұрғындардың шағымы негізінде тексеру жүргізіліп, тәртіп бұзғандарға шара қолданылады.
ӘДІЛХАН САПАР, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:
Тұрғындардың шағымы бойынша тексеру жүргізіп заң бұзушылық анықталған жағдайда оны жойылу талап ету арқылы жүзеге асырылады. Заң бұзылған жағдайда кемшілікті жою тұрғын үй инспекциясы тарапынан нұсқама беріледі. Қажет болса әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Тұрғын үй ауласында немесе паркингте көлікті ұзақ уақыт жылытуға қатысты да сұрақ көп. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, қозғалтқыш ешкімге кедергі жасамаса, оны 55 минутқа дейін жылытуға болады.
СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Егер қосулы тұрған қозғалтқыш тұрғындарға ешқандай кедергі келтірмесе, онда бұл жерде әкімшілік құқықбұзушылық жоқ. Ал егер сіз гүрілдеп, қатты дыбыс шығарып тұрған КамАЗ немесе тракторды тұрғын үй ауласында жылытып, айналаны түтінге тұншықтырып тұрсаңыз, тұрғындар, әрине, шағымдана алады.
Мамандар тұрғындарды бейжай қалмауға, көршілермен ескеріп, мәселе шешілмесе полицияға немесе төтенше жағдайлар қызметіне хабарласуға шақырады. Тазалық, тыныштық және тәртіп – әр тұрғынның жеке жауапкершілігі.