Трамп төтенше жағдай режимін жариялады

Трамп Кубаға байланысты АҚШ-та Төтенше Жағдай режимін енгізді. Бостандық аралы Президенттің айтуынша, АҚШ үшін қауіпті әрекеттерге баруда. Оған қоса, Кубаға мұнай тасымалдайтын елдерге бас көтере алмайтын тариф енгізіледі. Трамп мұнымен шектелмеді. Қытаймен сауда-саттық келісімін жасап жатқан Ұлыбритания мен Канада әрекеттерін сынға алды. Сонымен қатар, АҚШ Президенті Ресейдің Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарына жасап жатқан соққыларын тоқтаттым деп мақтанды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп ұнатпайтын елдермен жақын қарым-қатынас орнатқан. Жалпы, әрекеттері Америка үшін қауіпті. Трамп Кубаға байланысты Төтенше Жағдай режимін жариялады. Сонымен қатар, Бостандық аралына мұнай сатқан елдер тарифтің астында қалады, - дейді Ақ үй басшысы. Кубаны одан сайын ойсырату үшін жасап жатырсыз ба деген журналистердің сұрағына Трамп, Куба өзі-ақ ыдырап кетеді, - деп жауап берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрту деген сөз маған байланысты емес. Мен Куба халқын жақсы көремін және қатты аяймын. Бірақ, олар өздеріне қастық жасап отырған мемлекет. Бізде ол аралдан келген иммигранттар көп. Бұл дегеніміз – олар өз халқына асқан озбырлықпен қарайды. Сондықтан, жақын арада менің әрекетімсіз-ақ құрдымға кетеді.

Қытаймен тығыз экономикалық қатынас жасағандарды ұнатпаймын. Трамп, өзінің жақын одақтастары Ұлыбритания мен Канадаға қатаң ескерту жасады. Кир Стармер мен Марк Карни Қытайға сапар жасағаны үшін, тіпті, АҚШ Президенті әріптестерін мазақ етті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытайды барлық проблеманың шешімі деп қабылдау – қате. Си Цзиньпинь менің досым болса да айтайын. Қытаймен сауда-саттық, терең экономикалық интеграция Ұлыбританияүшін қауіпті. Канаданың жағдайы да мүшкіл. Оларға айтар едім. Бұл – хоккей емес. Мұз айдынындағыдай бізді жеңемін десе, қателеседі.

Украинаның инфрақұрылымын қорғап қалдым. Трамп министрлер кабинетінің отырысында осылай деп мақтанды. Айтуынша, Путинмен сөйлесіп, энергетикалық нысандарға соққы жасамауын сұрап, келіскен. Осылайша, бейбітшілікке бір қадам жақындаттым, - дейді АҚШ Президенті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Украина қиын жағдайда қалды. Халық жылусыз отырғанын естідім. Сондықтан, Путинге телефон соғып, бір апта бойы Киевке соққы жасамауға келістік. Менің кеңесшілерім: «Оған телефон соғып, босқа уақытыңызды құртпаңыз», - дейді. Бірақ, мен болмасам, басқа ешкімнің келісуге қабілеті жоқ.

Венесуэла елді инвесторларға ашты. Уақытша Президент Делси Родригес тиісті заңға қол қойды. Енді америкалық компаниялар бұрын Венесуэла билігі тартып алған кен орындарынан қайта мұнай өндіре алады. Алайда, Делси Родригес бұған Трамптың қатысы жоқ, - деп ағынан жарылды.