Мемлекеттік кеңесші: Адам құқықтары мен бостандықтары – жаңа Конституцияның алтын арқауы

Фото: Ақорда

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басты өлшемі болатынын атап өтті.

– Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау. Мемлекет басшысы айтқандай, тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз енді егемендік пен тәуелсіздікті ең жоғарғы құндылық ретінде ғана емес, күнделікті қолданатын қағида ретінде бекітеміз. Адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Біз әзірлеп жатқан Конституцияның жаңа мәтінінде бұл қағидат маңызды орын алады. Адам құқықтары мен бостандықтары жаңа редакциядағы Конституцияның алтын арқауына айналып отыр. Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету. Заң мен тәртіп үстемдік етпейінше, қоғам дамымайды, сана өзгермейді. Бұл – әділетті қоғамның басты шарты. Жалпыұлттық бірлікті бекемдеу тұрақты дамудың кепілі болып қала береді. Ортақ мақсаттар үшін тұтас ел болып жұмылу – мемлекеттілігіміздің мызғымас қағидасы, - деді ол.

Ерлан Қарин Конституцияда «Таза Қазақстан» бағдарламасымен үндесетін саясаттың басты ұстындары көрініс тапқанын айтады.

– Халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты өлшемі. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын қалыптастыру. Отаншылдық – іс-әрекетімен ел мүддесі үшін жұмыс істеу. Ал жасампаздық – оны нақты істермен бекіту, сындарлы диалогпен дәлелдеу. Қоғамдық диалогты дамыту. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім тірегі. Соңғы жылдары жүргізген реформалар, өткізген референдумдар – дамыған қоғамдық диалогтың жарқын мысалы. Еңбек, прогресс, білім құндылықтарын бекіту. Бұл құндылықтар кейінгі жылдары мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Еңбек адамдарына, білімпаздарға мемлекеттік деңгейде көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау – соның айғағы. Жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру. Бірнеше жылдан бері жемісті жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жобасы халықтың табиғатқа, айналаға деген сана-сезімін өзгертуде. Осы істі әрі қарай ілгерілету маңызды, - деді Мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ ол тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау Конституциялық деңгейде алғаш реті бекітіліп отырғанын еске салды.

– Осылайша Конституцияның 1-бөлімі 3-бабында келтірілген негізгі қағидаттардың бәрі мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың бағдарын, көпшіліктің талап-сұранысының негізін құрайды, - деді Ерлан Қарин.