Стадион құрылысына Медеу ауданындағы Құлжа тасжолы бойынан жер телімі бөлінген. Спорт нысаны халықаралық талаптарға тегіс сай болады.
— Стадион UEFA-ның IV санат талаптарына сәйкес салынады. Жоба аясында табиғи шөп төсеніші бар футбол алаңы қарастырылған. Сондай-ақ мыңнан астам автокөлікке арналған тұрақ та қарастырылған. Жобалық-сметалық құжаттама халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес әзірленіп жатыр, — деді Алматы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Диас Заманбеков.
Жанкүйерлердің негізгі сұрағы — «Жаңа стадион қашан пайдалануға беріледі?» Бұл күн де алыс емес.
— Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал нысанның нақты құны жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады, — деп мәлімдеді Диас Заманбеков.