Елімізде бәс тігу нарығының айналымы рекордтық көрсеткішке жеткен. Қаржы министрлігінің мәліметінше, бір жылда қазақстандықтар букмекерлік кеңселерге 1,6 триллион теңге салған. Бұл - ересек тұрғындардың шамамен 15-20 пайызы құмар ойынның құрығында жүр деген сөз. Қызығы сол, кеңселердің табысы еселенгенімен, заңнамадағы өзгерістерге байланысты бюджетке түсетін салық көлемі керісінше азайған. Тақырыпты тілшіміз Үсен Астана зерттеді.
Тапқанын ұтысқа тігіп, букмекерге барын беріп, онлайн азарттың әлеміне еніп, қолындағы байлығынан, одан қалса тапқан табысымен айлығынан айырылғандардың қарасы азаймай тұр. Сондай жандардың қатарында аты жөнін айтпауды сұраған А есімді азамат та бар. Ол құмар ойынның кесірінен бар байлығым отбасымнан айырылдым дейді.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бұл жолға бағанағы ставкаларды көріп қызығып басында жәй мәй ақша салып көрейін деп , ұтқан сәттерде болды ұтылған сәттерде болды. Бірақ соңғы 2 жыл тез өтіп кетті үйімді машинамды имуществам бәрін салып жібердім. Әке шешемнің үйін өзіме алдап оформить етіп оны да салып жібердім. Оңай жолда ақша табу деп ойлап бастап едім бірақ ондай болмай шықты.
2023 жылы елімізде 350 мың ойынқұмар есепке алынса, қазір бұл көрсеткіш 2 есе өскен.Қазақстанда бәс тігу нарығының көлемі 1,6 триллион теңгеден асқан. Еліміздегі ересек тұрғындардың 15-20 пайызы үнемі бәс тігеді.
ҰЛДАНА СҮЛЕЙМЕН, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Букмекерлік кеңсе қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар 13 заңды тұлға тіркелген, оның 11 нақты жұмыс істеп тұр. 2024 жылғы 6 шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейінгі мәліметтер бойынша, 695 мың жеке тұлға тарапынан 73 млн транзакция жасалған. Ойын шоттарын толтырудың жалпы сомасы 1 654,9 млрд теңгені, ал ұтыстарды алу сомасы 1 236,5 млрд теңгені құрады.
Мамандардың айтуынша, тәуелділікті ерте кезеңде анықтау қиын. Дегенмен, жасырын мінез-құлық, түсініксіз шығындар, қарыз алу, ұйқының бұзылуы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Қазіргі таңда онлайн-казино мен букмекерлік платформалардың қолжетімділігі бұл мәселені ушықтырып отыр.
ТАЛҒАТ ҚАЙЫРХАНҰЛЫ, РЕАБИЛИТАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Егер адам ойынға тәуелді болса, ойынды тоқтату қажет. Алайда мұны өз бетімен жасау өте қиын. Сондықтан арнайы реабилитациялық орталықтар бар, онда адам оқшауланады. Соның ішінде, ол гаджеттерден де оқшауланады. Яғни, адам ең алдымен аддикция объектісінен ажыратылады.
Лудомания лауазымды тұлғаларды да айналып өтпеді. Шымкент қаласында 60-қа жуық «атқамінер» дәл осы құмар ойынға әуестігі үшін арнайы тексерістің нысанасына іліккен. Бұл кесел тек мемлекеттік қызметшілердің емес, кәсіби спорттың да берекесін қашыруда. Бас прокуроратура мәліметінше, Ақтөбе қаласында 9 бірдей футболшы жалпы сомасы 110 миллион теңгеге бәс тігіп, жеңіл олжа таппақ болған.