Елімізде сәби 100 мың теңгеден саудалануда. Шақалақтардың құны 2 миллион теңгеге дейін барады. Адам қалай тірі тауарға айналды? Тақырыпты әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Адам бостандығы бүгінгі өркениетті қоғамның басты құндылығы десек те, шынайы өмірде бұл ұғым жиі аяқасты болып жатады. Халықаралық дерекке сүйенсек, қазіргі таңда 45 миллионнан астам адам құлдықта жүр. Олардың басым бөлігі мәжбүрлі еңбекке тартылса, бір бөлігі жыныстық қанаудың құрбанына айналған, ал ең қорқыныштысы - қорғансыз балалар саудасы. Бұл жаһандық мәселе Қазақстанды да айналып өтпей тұр.
Бас прокуратураның дерегіне сәйкес, соңғы жылдары бұл қылмыс тұрақты түрде тіркеліп келеді. 4 жыл бұрын адам саудасына қатысты шамамен 150 іс қозғалса, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш екі есе өскен. Ал былтыр 298 адамның тағдыры тауарға айналған. Балалар саудасы бір жыл ішінде үш есеге артып, 31 іске жеткен.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Құрбан болған адам көмек сұрамағанының бір себебі ол психиканың қорғаныс механизміне енуі. Яғни, психика бұғатталады. Себебі адам қорқады, үрейленеді, одан кейін мен ештеңе жасай алмаймын, ештеңе өзгерте алмаймын деген сияқты ұстаным пайда бола бастайды. Соның салдарынан адам физикалық тұрғыда ешқандай әрекет ете алмайтын жағдайлар пайда болып жатады.
Қазақстанда адам саудасының ең ауыр және қоғамды алаңдататын түрі - балалар саудасы. Ашық деректер мен сот материалдарына сүйенсек, жәбірленушілердің басым бөлігі 11 жасқа толмаған бүлдіршіндер. Кейбір қылмыстық істерде жаңа туған сәбилердің 100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі бағада сатылғаны анықталған. Мұндай қылмыстар көбіне әлеуметтік осал отбасыларды, жалғызбасты аналар мен құжатсыз адамдарды нысанаға алады.
ТІЛЕУЖАН КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:
Адам саудасы бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 128 бабымен саралануға жатады. адам саудасы, балаларды сату, мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанау ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда тәжірибеде істердің сотқа дейін жетпеуіне бірнеше себеп бар. Дәлелдің аздығы, құрбандардың қорқынышы және құқықтық сауаттың төмендігі.
Сарапшылар Қазақстанды адам саудасы тұрғысынан тәуекелі жоғары транзиттік елдердің қатарына жатқызады. Географиялық орналасу, еңбек миграциясының өсуі, шетелге жұмыс іздеп шығатын азаматтар санының артуы осы заңсыз трафикке жол ашады. Қылмыс көбіне «жақсы жалақы ұсынамын», «тез жұмыс тауып беремін», «құжатты оңай реттейміз» деген уәдемен басталады. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 4 жылдан бері Таиланд пен Вьетнамдағы елшіліктерге еңбек қанауы, жыныстық құлдық, кибералаяқтық және еркінен тыс шектеулерден зардап шеккен 55 адам жүгінген.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Барлығы шекаралас аймақтарда зардап шеккен. Қазақстанның қай өңірінен кеткені туралы дерек жоқ. Барлығы босатылып, Қазақстанға қайтарылды. Жас ерекшелігі 18-ден 45 жасқа дейін, көбі – ер адам. Әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Олардың қатарында жұмыссыздар да, IT саласының тәжірибелі мамандары да бар. Барлығы жалған бос жұмыс орындары туралы ұсыныстарға алданған.
Адам саудасы - көзге көрінбейтін, бірақ салдары өте ауыр қылмыс. Ол бір сәттік шешімнен, бір жалған уәдеден басталып, адамның бүкіл өмірін тас-талқан етеді. Бұл мәселемен тек полиция немесе прокуратура емес, бүкіл қоғам күресуі тиіс. Өйткені адам – тауар емес. Ал бостандық ешқашан саудаланбау керек.