«AMANAT» фракциясы Жаңа Конституция жобасын талқылады. Депутаттар мемлекеттің алдағы уақытта орнықты дамуы мен қоғамды ұйыстырудағы бұл құжаттың тарихи маңызын түсіндірді. Заң жобасына толық қолдау білдіріп, оны түсіндіруге және қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Ата Заң мәтіні қоғаммен бірлесіп әзірленгенін және бұл құжат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ауқымды реформалар бағытының заңды жалғасы екенін айтты.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жаңа Конституция халықпен ашық диалог жүргізу барысында қалыптасып, жұртшылықтың шынайы мүддесін айшықтайды. Сондықтан жаңа Ата заңның жобасын «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар. Ол – еліміздің орнықты дамуының берік негізі болары анық. Ұлтымызды ұйыстыратын факторға айналуы керек. Жаңа Конституция жобасының әр бабын, әр нормасын халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. «AMANAT» партиясы осы жұмыстың бел ортасында болуға тиіс. Бұл біздің – маңызды міндетіміз, тарихи миссиямыз.