Тобыл төрінде Ата заңның жаңа жобасы талқыланды

Ата Заң жобасы жарты жылға жуық әзірленіп, қазіргі заманғы қоғамдық сұраныстар мен елде болып жатқан нақты өзгерістерді ескере отырып дайындалған. Жаңа Преамбулада алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде адам құқықтары мен бостандықтары жарияланды және адамға деген құрмет, жауапкершілік пен әділеттілік қағидаттары қойылып отыр. Қостанайда  өткен  жиында өңір басшысы Құмар Ақсақалов конституциялық реформа – Қазақстанның болашақ даму моделін айқындайтын, қоғамның құндылық  бағдарын нақтылайтын стратегиялық идеологиялық қадам екенін атап өтті. «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген ұстаным мемлекеттің барлық саясатының өзегіне айналуда. Бұл – әлеуметтік әділдікке, тең мүмкіндіктерге, заң алдындағы теңдікке негізделген жаңа қоғамдық келісім», – дейді облыс әкімі. Ендігі меже – осы өзгерістер мен жаңашылдықтарды облыстың әр тұрғынына тәптіштеп түсіндіру, мазмұны мен мұратын насихат ету. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Алдымызда маңызды міндет тұр – жаңа Конституция жобасында көзделген жаңашылдықтардың мәнін халыққа ашық әрі түсінікті түрде жеткізу. Әрбір азамат бұл реформалардың ел болашағы үшін, қоғамдық тұрақтылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайту үшін қабылданып отырғанын нақты сезінуі тиіс.