Қаңтардағы ҰБТ-ға 152 талапкер смартфон мен шпаргалка алып кірген

Фото: pexels

2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сы басталғаннан бері 139 мыңға жуық адам тестілеуден өтті. Талапкерлердің 76%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде және 86 адам ағылшын тілінде тапсырды. Ал 152 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім еткендей, екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 328 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің үш аптасында 244 ереже бұзушылық анықталды. 152 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 92 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ, - деп жазылған министрлік хабарламасында. 

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.