Жетісу облысының полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен ауқымды интернет-алаяқтықпен айналысқан тұлғалардың әрекетін тоқтатты. Заңсыз схеманы ұйымдастырушы Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол қатысушылар арасында міндеттерді нақты бөліп, жасырын call-орталық құрған.
Күдіктілер әлеуметтік желілер мен Telegram мессенджері арқылы әрекет етіп, «дроптарды» және қолма-қол ақшаға айналдыру қызметтерін пайдаланған. Құқыққа қайшы әрекеттер салдарынан 57 адам зардап шекті. Жекелеген жәбірленушілер бір миллион теңгеден асатын қаржысынан айырылған. Жалпы келтірілген шығын 36 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында өзге де күдіктілерді анықтау және ұстау жұмыстары жүргізілуде. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жетісу облысының полициясы азаматтарды қырағы болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге және алаяқтық фактілері туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.