Қарағанды жұрты құбырдан келіп тұрған ыстық судың сапасы өте нашар,- деп дабыл қақты. Тұрғындар "судың түсі сарғыш, әрі жағымсыз иісі бар" дейді. Жылыту маусымы басталғалы бері көп қабатты үйлерде осындай жағдайлар жиілеп кеткен. Ал, мамандар болса, мәселе тозығы жеткен құбырлар мен үйлердегі жылу жүйесінің сапасыздығына тіреледі, деп отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.
Алевтина Корысникова ыстық сумен жуынуға да қорқады. Түсі де, иісі де нашар судан сескенгеннен бе, денесіне аллергия шыққан. Содан бері суық суды жылытып, жуынатынын айтады. Ал, электрлік су жылытқыш алуға зейнеткердің ақшасы жетпейді.
Алевтина Корысникова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Өте нашар су, тіпті ыдыс та жуа алмайсың. Кәрізден келген су сияқты. Жылу беру басталғалы бері үнемі сондай су келеді.
Келеңсіздік қазан айында басталған. Содан бері судың сапасына наразы тұрғындар көбеймесе азаймады. Пәтер иелері кооперативтерінде күн сайын жүздеген арыз-шағым тіркеліп жатыр. Алайда, жағдай әлі түзелмеген.
Светлана Усенко, жеке пәтер иелері кооперативінің өкілі:
Ыстық судың нашарлауы жылыту маусымы басталған кезде білінген. Жағымсыз иісі әлі де кеткен жоқ. Түсі аздап түзелгенімен, бәрібір бұлыңғыр.
Қарағандыдағы пәтерлерге ыстық су бірнеше мекемеден өтіп келеді. Ертіс өзенінен алынған суық суды «Қарағанды су» компаниясы жылу электр станциясына тасымалдайды. Мұнда суды ысытып «Теплотранзит» серіктестігіне береді. Сөйтіп, ыстық су үйлерге жетеді. Коммуналды қызмет өкілдері судың сапасы бастапқыда нормаға сай, яғни таза күйінде тұрғындарға таратылатынын айтады. Мәселе, құбырлардың шайылмауында,-дейді.
Александр Акишин, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
Тұрғындар жылу маусымына тыңғылықты дайындалуы қажет. Пәтерлердің батареяларын ғана емес, бүкіл үйдің құбырларын шайып, тазарту керек. Ал, қазіргі жағдайда жылу жүйесі ластанған. Аяз күшейген сайын біз суды ысыта түсеміз, қазір 115 градусқа көтердік. Мұндай кезде құбырлардағы қақтар ериді. Судың сарғайып, нашарлауы осыдан.
Мамандар Қарағандыда су құбырларының 70 пайызы тозғанын айтады. Оның үстіне қаладағы ыстық су жүйесі ашық, яғни, құбырларға жіберілген су бір жүйемен айналып жүре береді,- дейді олар. Сондықтан зертханадан таза болып шыққан судың тұрғындарға таза күйінде жетуі екіталай.
Людмила Грицай, «Қарағанды су» ЖШС зертхана бастығы:
Біз тазалап жіберген су мыңдаған шақырым лас құбырлармен ағып, тұтынушыларға жеткенше, әрине, өзгеруі мүмкін. Өйткені оларда қаншама органикалық заттар, бактериялар бар.
Ал, жабық су жүйесіне көшу үшін арнайы кешендер салу қажет. Коммуналды қызмет өкілдерінің есебінше, оған 600 млн доллардай қаржы керек. Мұндай ақшаны қазынадан бөлудің өзі мүмкін емес, - дейді мамандар. Сондықтан, әр аулада суық суды жылытып, үйлерге беретін пункттер салу ұсынылып отыр. Ал шығынды тұрғындар өз мойынына алуы тиіс.
Айжан ҚУАШ