Депутат ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік беретін онлайн-платформаны іске қосуды ұсынды

фото: gov.kz

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін мемлекеттік білім беру онлайн-порталын іске қосу қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына сауал жолдаған депутат Магеррам Магеррамов айтты. 

 — 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ның қорытындысы бойынша тестілеуге 210 мыңнан астам түлек қатысқан екен. Солардың шамамен тек 76 пайызы шекті балды еңсере алды. Орташа нәтиже 140 балдан 69 балл болды. Түлектердің 24 пайызға жуығы ең төменгі шекке жете алмады. Мұнан бөлек, 711 заң бұзу тіркеліп, қатысушылардың бір бөлігінің нәтижесі жойылды. Бұл көрсеткіштер түлектерді дайындауда және мектептердегі жалпы білім сапасында күрделі проблемалардың бар екенін дәлелдейді, — деді депутат.