Декреттегі әкелердің құқығы қорғалады

Енді бала күтімімен үйде отырған жұмыссыз әкелердің еңбегі ескерусіз қалмайды. Олардың декреттік демалысы зейнетақы есептеу кезінде еңбек өтіліне қосылады. Сондай-ақ баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмыстан шығаруға заңмен тыйым салынбақ. Мәжілісте көтерілген маңызды мәселелерді әріптесім, Ақбота Базарбай тарқатады.

Мәжіліс жұмысшылардың құқығын қорғап, әлеуметтік қолдауды күшейтетін заңды қабылдады. Бұл заң көптен бері айтылып жүрген мәселелерді шешуге бағытталған. Соның бірі- бала бағып, үйде отырған жұмыссыз әкелердің еңбегін мойындау. Бұған дейін мұндай әкелердің бала күтіміне жұмсаған уақыты еңбек өтілі болып саналмайтын. Енді ол уақыт зейнетақы есептегенде ескеріледі. Яғни, баласын өзі бағып отырған әке болашақта зейнетақысыз қалмайды. Бұл өзгеріс Конституциялық соттың шешіміне сай, Әлеуметтік кодекске енгізіліп отыр.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкеге жас балаларды күту уақытын еңбек өтіліне есепке жатқызуға қатысты нақтылаулар енгізілді.

Заңда тағы бір маңызды өзгеріс бар. Енді баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Бұрын заңда көбіне «жалғызбасты ана» деген ұғым қолданылса, енді әке мен ана тең қарастырылады. Құжатта жұмыс орнындағы қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінген. Енді еңбекті қорғауға жауапты маман ұйым басшысына тікелей бағынады, ал жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін басты жауапкершілік басшының өзіне жүктеледі. Ұжымдық келісімшарттарда жалақының ең төменгі және ең жоғары мөлшері, сондай-ақ өндірісте жазатайым жағдай болса, қандай өтемақы төленетіні анық көрсетілуі керек.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл заң өзгерістері өте маңызды. Ең алдымен, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың құқығы қорғалатыны көңілге қонымды. Сондай-ақ жұмыс орнындағы қауіпсіздікке жауапкершіліктің нақты белгіленуі жұмысшылар үшін үлкен кепілдік.

Сонымен қатар Мәжіліс психологтардың қызметін заңмен реттейтін жаңа заң жобасын қабылдады. Енді психолог боламын деген әр маман нақты бірыңғай талаптарға сай болуы керек. Барлық коучтар арнайы тізімге енгізіледі. Бұл өзгеріс біліктілігі жоқ адамдардың жұмыс істеуіне тосқауыл қойып, халыққа қауіпсіз әрі сенімді көмек беруге арналған.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ешқандай біліктілік курстарынан өтпеген, не тиісті арнайы білімі жоқ түрл азаматтар бүгін, осындай жұмыспен айналысып жатыр. Соған байланысты азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтірілуде. Сондықтан жалпы  осы заң жобасы қазір дайындалды, бірінші кезекте біз бұны ғалымдармен дайындадық. Міне біз осыны айтуымыз керек. Өйткені бірінші кезекте ғалымдар ғылым бізге осы заң жобасын дайындағанда үлкен көмек көрсетуі керек деп ойлаймыз.

Заң жобалары мемлекеттің ата-ана мен бала құқығына қалай қарайтынын көрсетеді. Олар енді Сенатта қаралады. Заң қабылданса, ата-ананың еңбегі ресми түрде мойындалады. Бұл әлеуметтік өмірге нақты өзгерістер әкелмек.