Оралда бұқтырылған киік еті сатыла бастады

Оралда бұқтырылған бөкен еті сатыла бастады. Қазір ауысымына 50 мың дана қалбыр шығаратын жергілікті ет өңдеу кәсіпорны алдағы уақытта қарқынды күшейтіп, дайын өнім көлемін 1 миллионға жеткіземіз деп отыр. Киік етін өңдеу тәртібі елімізде екі жыл бұрын қабылданды. Осыдан кейін ауланған ақбөкендер облыс орталығындағы ет комбинатына жеткізіле бастады. Мұнда киіктің еті сіңір мен сүйектен сылынып тазартылады, сосын қалбырға салынып, бұқтырылады. Ал сүйегінен ұн жасалады. Дайын өнім сауда орындарына жіберіледі. 300 грамдық бір қалбырдың бағасы - 1000 теңге. Қазір консервіленген киік етін көршілер елдерге экспорттау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

ГҮЛЖАЗИРА КЕНЖЕҒАЛИЕВА, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ТЕХНОЛОГЫ:

Киік еті өте жақсы таза өңдеуден өткізіледі. Оның стерилизациясы 60 минут 120 градуста өткіземіз. Киік еті сиыр еті, қой етімен салыстырғанда дәрумендерге өте бай. D дәрумені өте көп және де ол диеталық тағамға жатады. Оны спортшылар да, аяғы ауыр келіншектерге де, кішкентай балаларға да беруге болады.

Бүгінде облыстағы ақбөкендер саны 3 миллионнан асады. Шектен тыс көбейген жануарлардың санын реттеу мақсатында былтыр 108 мың киік ауланды. Атылған киік етін өңдеуге Атырау мен Батыс Қазақстан облысындағы 15 кәсіпорын ниет білдірген.