«УаУа» компаниясына алданған ата-аналар ақшасын қайтара алмай жүр

Елімізде жарнамасы жер жарған Yaya платформасына  үш жарым мыңнан аса ата-ана алданып қалдық дейді. Олар баласының  уақытты тиімді пайдалануы үшін түрлі үйірмелерге қатыстыруды мақсат етіп, жүйеге тіркелген. Ақысы да арзан емес. Бірақ, жұрт ақысына сай қызмет алмағанын айтады,  ал қазір  жүйе   мүлдем жұмыс істемей тұрған көрінеді.  Мәселенің мән-жайын тілшілеріміз жеткізеді. 

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Ата-аналар баласын 700-ден аса   орталық пен  үйірмеге қатыстыру үшін арнайы абонемент алған.  Оның бір жылдық ақысы -350 - 700 мың теңге шамасында.  Басым бөлігі бөліп төлеуге алыпты. Қазір қосымша да, үйірмелер де жұмыс істемейді.  

ДАНЕЛЯ САПАРБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кейбір адамдар, например 1 миллионға алса ол кісілерге 200 мың теңге қайтарады да айтады осымен все. Сіздер осы 200 мың теңгені аласыздар потом ешқандай ақша біз сіздерге бермейміз. Немесе күтіңіздер. И вы ничего не докажете вы ничего не добьётесь этим деп. 

МӨЛДІР БАЙҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір 30% ға келісіп алыңдар дейді. Ары қарай 20%,10% қайтарамыз дейді. Сонда мен қалған суммам 358мың теңге боп тұр да. Маған 140 мың теңге қайтарамыз сіздерге деп тұр.

Опық жеген тек тұтынушы емес,  үйірме иелері де көрсеткен қызметі үшін ақы алмаған көрінеді. Кейбіріне тіпті күзден бері 1 тиын да төлемепті.  

АЛЬБИНА БАГМАНОВА, КӘСІПКЕР:

Біз YAYA компаниясымен 2024 жылдан бері ынтымақтастықта болдық. Бұлар Қыркүйек айынан бастап төлем жасаған жоқ. Бүгінгі таңда маған 1 миллион 70 мың теңге қарыз.  Біз қаңтар айына дейін қызмет көрсетуді жалғастырдық.

Компанияның негізін қалаушы Лаура Ералиева келеңсіздікті ай соңына дейін шешуге уәде берді. Қаржыны қайтаруға мүмкіндік бар, бірақ жартылай дейді.

ЛАУРА ЕРАЛИЕВА, КОМПАНИЯНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Біз сатылымды тоқтатып, қаржыландыру көздерін іздей бастадық. Ақырында бізге қаражат бөлетін инвестор таптық. Қазіргі уақытта қайтарымдарды жүзеге асырып жатырмыз. Қазірдің өзінде 10 миллион теңгеден астам қаражат төленді. Қайтарымды есептеу кезінде біз бұрыннан төлеп қойған сомаларды шегереміз. Ал әлі қолданылмаған сабақтар үшін қаражат қайтарылады.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Ата-аналар мұнымен келіспейді. Төлемді толығымен қайтаруды талап етуде. Полицияға арызданған. Айсәуле,Астанада да алданғандар көп қой, олардың мәселесі қалай шешілуде?

АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Иә, Жомарт. Аталған компаниядан зардап шектік деп  астаналық ата-аналар да бүгін бас көтерді. Арасында мүмкіндігі шектеулі баласы бар  көпбалалы аналар да бар. Айтуларынша, компанияның Астанада кеңсесі жоқ. Бір ғана телефон номері көрсетілген. Бірақ ешкім жауап бермейді.

АЙЖАН СЕЙІТЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен - зағип баланың анасымын. Баламды мектепке даялау үшін осы абонементті 22 қарашада сатып алдым. 1 желтоқсанда іске қостым. 9 рет қана сабаққа бардық. Сосын үйірмелер бізге уауамен байланыс үзілгенін, қызмет көрсетпейтіндерін айтты.

РУЗАННА КИМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен 1 млн 350 мыңға 3 абонемент алдым. Қолданбай жатып қайтарамын дедім. Бірақ олар жауап бермей қойды. Амалсыз іске қосып, жалпы саны 11 сабаққа бардық. Енді олар маған 1млн 350мыңнан 320 мың теңге ғана береміз дейді. Сонда мен 1 млн теңгені 1 айға төлеген боламын ба? Бұл қай заң бойынша есептеліп тұр?

Сауалдарына жауап ала алмаған  клиенттер әділетсіздікке ашынып, қалалық прокуратураға ұжымдық арыз жазды.

ТЕМІРЛАН ӘСЕМБЕКОВ, ҚАЛА БОЙЫНША КЕЗЕКШІ ПРОКУРОР:

Нұра аудандық полиция департаментімен жаңа ғана сөйлестік. Сіздердің арыздарыңызды тіркеп, сонда жолдаймыз. Тікелей сонда барсаңыздар да болады. Жедел түрде сотқа дейінгі тергеп-тексеру  амалдары жүргізіледі, тараптардың іс-қимылына құқықтық баға берілетін болады.

Ұйым тамыздан бері қаржылық қиындықтарға тап болса да,  күні бүгінге дейін абонемент сатқан. Бірақ тиісті қызметін көрсетпейді. Ата-аналардың талабы – ақшамыз толық қайтарылса,  дейді.