Өз анасын тұншықтырып өлтірген

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2026

Астанада 55 жастағы ер адам өз анасын өлтірген. Қылмысын жасыру үшін жедел жәрдем шақырыпты. Тергеу мәліметінше, айыпталушы дәрменсіз күйде жатқан анасын тұншықтырып, кейін оқиғаны суицид ретінде көрсетпек болған.  Анасының жағдайы күрт нашарлағанын  айтып, жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер келгенше зейнеткер көз жұмыпты. Мәйітті тексеру кезінде марқұмның мойын тұсынан гематомалар табылып, өлімнің тұншығу салдарынан болғаны анықталды.  Күдікті өз түсініктемесінде анасының сырқатына байланысты өзін-өзі басқара алмай, сүлгімен асылмақ болғанын және оны ілмектен өзі шығарып алғанын алға тартқан. Дегенмен көршілері мен таныстары бұл нұсқаны жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ер адам жұмыс істемей, анасының зейнетақысымен күн көрген. Онымен қоймай жиі ішімдік ішіп, айналасындағыларға да агрессия танытқан көрінеді. Тергеу деректеріне сәйкес, ол анасын жүйелі түрде соққыға жығып келген. Жинақталған дәлелдер мен сараптама қорытындыларын негізге алған сот айыпталушыны кісі өлтіру бабы бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.