Батыс Қазақстан облысында инсульт алғандар 26 % көбейген. Дәрігерлер саулығы сыр бергендер соңғы кездері жасарып барады деп дабыл қағып отыр. Мысалы, аяқ астынан ауыр дертке душар болып, төсекке таңылған ең жас науқас 22-де екен.
Былтыр елімізде 53 мыңдай адам инсульт алған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың көбі халі нашарлағанын тіпті сезбеген көрінеді. Сондықтан тілі күрмеліп, күлуге қиналған жанды көрсеңіз, бірден жедел жәрдем шақырту керек.
ДАРИҒА ЕСЕНҒАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:
Ауыр халде түстім. Басым қатты айналды. 230-бен түстім. Содан кейін әйтеуір басымды екі рет түсірді МРТ-ға, УЗИ-ге түсірді мойнымды. Өте жақсы ем алдым. Жүргізіп жүргеніне екі күн болды.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір ешкім уақытылы ұйықтамайды. Өйткені ояу кезінде аузына тәттіні тыққыштайды, асқазаны фастфудтан босамайды. Сосын смартфонға телмірген көңілі алаң адам стреске бейім. Тіпті зорықтырса, спорттың да салдары орасан екен. Ал энергетикалық сусынды күш береді деп ішетіндердің күні санаулы. Бүгінгі жастарға осының бәрі үйреншікті нәрсе. Аурудың "жасаруы" да осыдан.
ӘСЕЛ КӘКІМОВА, ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ НЕЙРОИНСУЛЬТ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Еш жерде тексерілмеген, көптеген интернеттен тапсырыс беріп, БАД препараттарын ішкеннің әсерінен инсульт көбеюде. Тұқымқуалаушылық та бар: ата-анасында инсульт болса, қан қысымы, қант диабеті ауруы, сосын жүрегінің ритмі бұзылса, осындай жағдайлар көбіне инсультке алып келеді өкінішке қарай.
Төсекке таңылған науқастардың үштен бірі 50-ге де толмапты әрі дені - ер азаматтар. Осыны айтқан дәрігерлер мұндайда уақыт өткізбей, 4 жарым сағаттың ішінде инсульт орталығына жеткізілгендерді құтқарып қаламыз дейді. Былтыр мамандар осы дертке тап болған екі мыңдай адамды ауруынан айықтырыпты.