Павлодарда ауған азаматы қандастарға берілетін көмекті заңсыз алған

Павлодарда Ауған азаматы қандастарға берілетін көмекті заңсыз алған. Ауғанстан азаматы осы жаққа көшіп келіп, өзін қазақпын деп жалған құжат рәсімдеген. Соның арқасында қандастарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмекке ие болыпты. Ол бақандай 20 млн. теңге алған. Қаражаттың шып-шырғасын шығармай, пәтер сатып алған.

ЕРЛАН ТӨЛЕКОВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға жол бермеу мақсатында прокуратура органдарының өтініші бойынша сот мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылдады. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру қылмыстық қудалау органы тарапынан жүргізілуде.

Прокурорлар сондай-ақ, спорт мектептерінің былығын ашты. Қаладағы хоккей алаңдары жекенің қолына өтіп кеткен. Мемлекет мүлкінен кәсіпкерлер пайда тауып келіпті. Тіпті,  коммуналдық ақыны да 3 жыл бойы қазына қаражатынан төлеп отырған. Осылайша олар мемлекетке 10 млн-нан артық шығын келтірген. Онан бөлек, тексеру барысында жалған дипломмен жұмыс істеген жаттықтырушылар мен бұрын қылмыс жасап сотталғандар да анықталды.