Миланда XXV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтті

Туризм және спорт министрлігі

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында ресми түрде XXV қысқы Олимпия ойындары басталды. Төртжылдықтың басты додасының ашылу салтанаты Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтті. Мемлекеттер шеруінде Қазақстанның көк байрағын Денис Никиша (шорт-трек) мен Аяулым Әміренова (фристайл-могул) ұстап шықты.

Биылғы Олимпиаданың басты ерекшеліктерінің бірі – ашылу рәсімінің бір мезетте төрт жерде өтуі. Денис Никиша Милан қаласындағы салтанатқа қатысса, Аяулым Әміренова шаңғы жарыстарын қабылдайтын Ливиньо коммунасындағы рәсімде болды. Сондай-ақ Олимпиада алауы алғаш рет екі жерде тұтанды: бірі Миландағы Салтанат қақпасында, екіншісі Кортина-д’Ампеццодағы Piazza Dibona алаңында. Ашылу рәсімі Armonia («Үйлесім») деп аталды.

Айта кетейік, Милан-Кортина Олимпиадасы 6-22 ақпан күндері өтеді. Италиядағы төртжылдықтың басты додасына әлемнің 93 мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар 8 спорт түрі (16 дисциплина) бойынша 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) 10 дисциплинада жүлдеге таласады.