Алматыда жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтілді

Polisia.kz

Алматы қаласында жүк автокөліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Аталған жұмыстың басты мақсаты – жол апаттарының алдын алу, көше-жол желісіндегі қауіп-қатер деңгейін төмендету, сондай-ақ жүк көліктерін пайдалану барысында орын алатын заң бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу. Профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері жүк автокөліктерінің техникалық жай-күйін, жүргізушілердің қажетті құжаттарының толықтығын, салмақтық және габариттік талаптардың сақталуын, сондай-ақ еңбек және демалыс режимінің орындалуын тексеруде. Сонымен қатар жол қозғалысының өзге қатысушыларының қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Жетісу ауданы полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріковтің айтуынша, профилактика – полиция қызметіндегі басым бағыттардың бірі.

- Жүк көліктері – жолдағы қауіптілігі жоғары көлік санатына жатады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың алдын алу. Жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – жүзеге асырылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты, – деді ол.

Полиция жүк автокөліктерінің жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстауға және қолданыстағы заңнама талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырады.