Депутат волонтерлікті қолдауды Конституцияда бекітуді ұсынды

фото ЖИ арқылы жасалды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ким Вера Конституциялық комиссия отырысында жаңа Конституциядағы мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестік моделі мәселесіне тоқталды.

«30 қаңтарда волонтерлер форумында мемлекет басшысы волонтерлікті азаматтық жауапкершіліктің, бірліктің және қоғамға нақты қызмет етудің көрінісі деп атап өтті. Президент бірнеше рет атап өткендей, еріктілер – еліміздің әлеуметтік тұрақтылығының маңызды тірегі. Жаңа Конституция жобасына ұсыныстар жинақталғалы бері волонтерлік ұйымдар мен жеке еріктілер менімен бірнеше рет байланысып, 31-баптың 2-тармағына «волонтерлік қызмет» сөзін енгізу туралы ұсыныс жасады. Осыған байланысты мен Қазақстан Республикасында әлеуметтік қамтамасыз ету мен қайырымдылықты ынталандырумен қатар волонтерлікті де қолдау Конституцияда бекітілуін ұсынамын», – деді ол.

Депутат атағандай, қазіргі бапта қоғамның әлеуметтік қолдауға қатысу формалары көрсетілген, олар негізінен қаржылық механизмдер мен материалдық көмекті (сақтандыру, қайырымдылық) қамтиды.

«Дегенмен, халықтың жеке, ерікті еңбегі – волонтерлік қызмет бұл жүйенің маңызды бөлігі ретінде ескерілмеген. Волонтерлер төтенше жағдайларда, ауруханалар мен әлеуметтік салада жұмыс істейді, қарттар мен мүгедектерге қолдау көрсетеді, қиын жағдайдағы отбасыларға көмектеседі. Бұл – еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесінің нақты, жұмыс істеп тұрған бөлігі. «Волонтерлік қызмет» сөзін енгізу норманы логикалық тұрғыда толықтырады: мемлекет тек қаржы мен механизмдерді ғана емес, азаматтардың өздерінің белсенді қатысуын да ынталандырады. Мен бұл бастаманы толық волонтерлік қозғалыс атынан ұсынамын. Ресми деректерге сәйкес, әр сегізінші азамат волонтерлік тәжірибеге ие. Қазіргі кезде елімізде шамамен 300 мың ерікті, 800 ұйым және 3,5 мың бастамашыл топ жұмыс істейді», –  деді ол.

Депутаттың айтуынша, волонтерлік қызмет тек әлеуметтік қолдаумен шектелмейді.

«Олар қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға да үлес қосады: жерді тазалау, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды сақтау және экологиялық ағарту арқылы адамдарға табиғатқа қамқорлық жасау және жауапкершілік түсінігін үйретеді. Жаңа Конституцияда экологиялық мәдениет жоғары мемлекет қағидасы ретінде бекітілсе, бұл қоғамдық іс-шаралар жүйелі әрі ұзақ мерзімді сипатқа ие болады.Бұл – қоршаған ортаға қамқорлық тек біржолғы шара емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты болатынын білдіреді. Бұл бағыт білім беру, құқықтық реттеу және қоғамдық бастамалар арқылы жүзеге асырылады. Азаматтар үшін бұл таза әрі қауіпсіз өмір ортасы, денсаулықты қорғау және табиғи ресурстарды сақтау болып табылады. Нәтижесінде әр адам елдің табиғатын және болашағын сақтауда белсенді қатысушы болады», –  деді ол.