Қарағандыда пәтер ұрлығымен айналысқан күдіктілер Астанадан ұсталды

Polisia.kz

Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесіп, елордада арнайы операция жүргізіп, Қарағанды қаласының аумағында жасалған бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында 6 ақпанда Астана қаласындағы Москва көшесінде орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде 30 жастағы ер адам ұсталды. Сол күні Төле би көшесінде оның сыбайласы болуы мүмкін тағы бір күдікті — 46 жастағы ер адам да ұсталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес ақпан айының басында күдіктілер Қарағанды қаласындағы Гудермецкая көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйге заңсыз кіріп, 8 алтын бұйымды, шамамен 150 мың теңге көлеміндегі қаражатты және 200 АҚШ долларын жымқырған. Тінту барысында күдіктілерден алтын сақиналар, жалпы сомасы шамамен 400 мың теңгені құрайтын қаражат, түрлі телефондар, сондай-ақ бүктелмелі пышақтар тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ұсталғандардың Қарағанды қаласы аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.