Қазақстандық боксшы Санжар Ташкенбай (50 келі) Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан Boxam Elite-2026 турнирінде топ жарды.
Финалда отандасымыз испаниялық Исмаэль Маграуи Фриамен қолғап түйістірді. Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан шешімімен қазақстандық былғары қолғап шеберінің басымдығымен аяқталды. Екінші раундта Санжардың қарсыласы нокдаун алып қалды. Осылайша ол 2026 жылды жеңіспен бастады.
Отандасымыз жартылай финалда да испаниялық Карлос Диасты қапы қалдырып кетті.
Санжар Ташкенбай 2003 жылы 1 маусымда дүниеге келген. 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2022 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.
Ол 2025 жылы World Boxing аясындағы әлем кубогында чемпион атанды.
Айта кетсек, ел құрамасынан Умида Садықова (80 келіден жоғары) алтын алса, Назерке Серік (65 келі) пен Панар Сейітханқызы (80 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанды.
Еліміздің ерлер құрамасы үшін халықаралық турнир — Нұржан Насановтың жетекшілігімен өтіп жатқан алғашқы жарыс. Ол жыл басында Қайрат Сәтжановты алмастырған еді.