17 судья қызметінен босатылады

Фото: vecher.kz

Жоғары сот кеңесі баспасөз қызметінің ақпаратынша, 2025 жылғы 2 қыркүйекте Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша сот жүйесінің қажеттіліктерін ескере отырып, белгіленген кестеден тыс жер, корпоративтік, салық және қаржы құқықтары салаларындағы мамандар үшін 10 облыстық және оларға теңестірілген соттарда 13 бос судья лауазымына конкурс жарияланған болатын.

- Сот жүйесіне білікті заңгерлерді тарту мақсатында Кеңес алғаш рет адвокаттар мен заңгерлер қауымдастықтары, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы органдардың қызметкерлері үшін түсіндіру бағытындағы онлайн-семинарлар өткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда іріктеуге қатысушылар санын екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік берді, - деп атап өтті Д. Малахов.

Тағайындауға ұсынылған кандидаттар туралы мәліметтер кеңестің ресми YouTube-арнасындағы отырыстың онлайн-трансляциясы барысында жарияланып, сондай-ақ ресми интернет-ресурста орналастырылды.

Сонымен қатар, Жоғары сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының, Кадрлық резерв жөніндегі комиссияның және Сот жюриінің 2025 жылғы қызмет қорытындылары шығарылды.

Бұған дейін кандидаттардың біліктілік емтиханының кезеңдерінен өтуі бірнеше айға созылатын. Процедураларды оңтайландыру мақсатында оны өткізу тәсілдері қайта қаралып, Біліктілік комиссиясының құрамы жаңартылды және емтихан форматы өзгертілді. Қазір емтихандар ай сайын өткізіліп, олардан өтудің жалпы мерзімі 1,5 жылдан үш айға дейін қысқартылды.

Жоғары сот кеңесі жанындағы сот жюриі қызметінің талдауы бірізді және орнықты тәртіптік практика қалыптасқанын көрсетеді. 2024 және 2025 жылдардағы тәртіптік жазалар саны шамалас болғанына қарамастан, сот жюриі шешімдеріне шағымдану саны үштен біріне қысқарды.

Кадр резерві туралы сөз қозғаған Кеңес төрағасы оның судьялар корпусын жаңартудың тиімді тетігі болуы тиіс екенін атап өтті. Талаптарды күшейту және санын оңтайландыру нәтижесінде 2025 жылы кадр резервінен жоғары тұрған және басшылық лауазымдарға 42 судья тағайындалды (2024 жылы — 9).

Отырыс барысында кеңес әртүрлі негіздер бойынша 17 судьяны қызметінен босатуды ұсынды. Сондай-ақ зейнет жасына жеткен екі судьяның өкілеттігі ұзартылды.

Сот жюриінің тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешімдеріне шағымданған үш судьяның өтініштері қаралды. Қарау нәтижелері бойынша барлық шешім негізді деп танылып, күшінде қалдырылды.

Жоғары сот кеңесі іріктеу рәсімдерінің ашықтығын арттыру, судьялардың тәуелсіздігін нығайту және судьялар корпусының оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.