Бір үйден 4 адамның денесі табылды

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2026

Бүгін Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданындағы жеке үйлердің бірінен 32 жастағы әйелдің және үш кішкентай баланың мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, олардың өлімі табиғи газдан улану салдарынан болуы мүмкін, нақты себебі сот сараптамасынан кейін анықталмақ.

Отбасы жеке сектордағы үйді жалға алып тұрған. Трагедия кезінде әйел 11, 5 және 3 жастағы балаларымен үйде болыпты, ал жұбайы жұмысына кеткен. Тұңғыш баласы оқыған мектеп ұстаздарының айтуынша, қыз бала бір апта бойы сабаққа келмеген, соңғы рет мұғалімімен өткен дүйсенбіде байланысқа шығыпты. Алаңдаушылық білдірген педагогтар тұрғылықты мекен-жайына барғанымен есікті ешкім ашпағанын айтады. Мектеп әкімшілігі оқушының күйсіз отбасында тәрбиеленгендігін растады. Анасы алкоголь тұтынған. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оқиғаны мән-жайын зерттеу жұмыстары басталды.

ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдын-ала мәліметтер бойынша өлімнің себебі-иіс газымен улану болған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды.  Оқиғаның барлық мән жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процесстік шаралар кешені жүргізілуде.

АЙНАГҮЛ ТАСТЕМІРОВА, №22 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің тәрбие ісі бойынша орынбасарымыз бүгін қайтадан баланың жағдайын білу үшін үйге барды, есік жабық тұрған. Кейін отбасы жалға алып тұрған «времянканың» қожайынымен байланысып, қандай да бір әрекет етуді өтінді. Кейін үйдің қожайыны терезе арқылы кіріп, мәйіттерді анықтаған.