Павлодарда 12 жастағы баланы көлік қағып, көз жұмды

Павлодарда 12 жастағы баланы көлік қағып, көз жұмды. Оқиға кешкі уақытта болған. Қараңғыда көлік жүргізушісі баланы байқамай қалса керек. Саяжайда тұратын тұрғындар бұл бірінші жағдай еместігін айтады. Себебі, олар үшін жаяу жүргіншілер жолағынан өту қыл көпірден өтумен тең болыпты. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Саяжай тұрғындары үшін жолдан өту қауіп қатерге айналды. Әсіресе, оқудан кеш қайтатын балалар үшін тіптен қиямет қайым болып тұр. Күні кеше осы жолда бір баланы көлік қағып мерт қылды.

ЖАНБОЛАТ БЕКБОЛАТОВ, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

Негізгі себептері сол жақсы жол, камералар істемейді. Светафорлар жоқ. Адамдар көп тұрады дачаларда. Балалар жүред мектепке, әйелдер. И кешкі уақытта қараңғы болғанда көрінбейді. Машиналар қатты өткенде адамдарды қағып кетеді.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қайғылы оқиға дәл осы жерде болыпты. Реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан баланы көлік қағып өткен. Қатты соққыдан оқушы оқиға орнында көз жұмды.

Тұрғындардың айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін талай адам көлік астына түсіп қаза тапқан. Тіпті, мүгедек болып қалғандарда бар.

ГАУҺАР БЕРДІҒОЖИНА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:

Күндіз сағат екінің кезінде автобустан шығып, пешеходтан өтіп келе жатқанда мені жеңіл машина қағып кетті. Тапа тал түсте. Қолым сынды, қабырғам сынды, аяғым сынды. 5 ай үйде гипспен жаттым.

Тұрғындар мәселені айтып, әкімдікке талай мәрте шағымданған. Алайда, одан еш қайыр болмапты. Ал өңірдің полиция департаменті қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтады.

АРМАН КӘРІБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖОЛ ЖӘНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Бұл республикалық маңызы бар жолға кіреді. Сол себепті аталмыш жолға бағдаршам орнату туралы «Қазавтожол» мекемесіне хат жолдадық. Бізге берген жауап бойынша 2025 жылы қаражат қарастыратынын айтқан болатын. Алайда, сол қалпы бағдаршам орнатылмады.

Тұрғындар қауіп қатердің алдын алу үшін бұл жолға бағдаршам орнатуды сұрайды. Өйткені, жүйткіген көлікке тек осы бағдаршам ғана тосқауыл болады деп отыр. Ал жолға жауапты мекемелердің қашан шара қолданары әзір белгісіз.