Ата Заң жобасына қатысты 5 мың ұсыныс түсті

Енді еңбекке жарамсыз ата-анасын баласы қамқорына алуы тиіс. Бұдан былай бұл норма заңмен реттеледі. Конституциялық комиссияның кезекті отырысында осындай пікір айтылды. Сондай-ақ  волонтер қызметі Ата Заң деңгейінде қорғалуы мүмкін. Ал, құрылтай комитеттері туралы тармақ алынып тасталады.  10-отырыстағы ұсыныстар туралы тілшіміз тарқатады.

Еріктінің еңбегі ерен деген комиссия мүшелері ақысыз көмек көрсететін тұлғалардың құқығы Ата Заңда нақтылануы тиіс дейді. Сол үшін 31-баптың 2-тармағына «волонтерлік» сөзін енгізуді ұсынды. Осы арқылы қайырымдылықты қолдап қана қоймай, еректілерді ынталандыруды қолдап отыр.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді. Комиссия мүшелері және волонтерлік ұйымдар елдің шынайы патриоттары, жасампаз әрі өзекті мәселерге бей-жай қарамайтын жастар қоғам игілігі үшін еңбек етіп жатқанына назар аударды.

Қолданыстағы Ата заңда терминдік қателік көп. Артық сөз, мәнсіз аудармаларды көз шалып жүр. Тіпті, сөйлемді бірнеше рет қайталап оқысаң да, түсіну ауыр. Жаңа құжатта мұндай олқылық болмауы үшін комиссия мүшелері редакциялық түзетулерге белсене кіріскен. Калькамен күрес күшейген. Енді көптің шымбайына тиетін «болып табылады» деген тікелей аударма өзгертіледі.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

50 және 51-баптарда «өтініш» деген сөздер «мәлімдеме» деп алынды. Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тіліндегі «является» деген сөз сызықшамен ауыстырылды.

Ал, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова жаңа Ата заң жобасының 14-бабының 2, 3 және 5-тармақтарына енгізіліп отырған өзгерістердің мәнін түсіндірді. Бұл түзетулер жай ғана абстрактілі құқықтық ұғымдарды емес, әрбір адамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды дүниелер. Мұнда әрбір адамға қандай құқықтар туғаннан бері тиесілі, ал қайсысы тек азамат мәртебесімен байланысты екені түсінікті жазылған.

ИНДИРА ӘУБӘКІРОВА, ЗАҢНАМА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ АҚПАРАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Құқықтар мен бостандықтар әрбір адамға дүниеге келген сәттен бастап тиесілі. Яғни мемлекет оларды бермейді және өз қалауы бойынша алып қоя алмайды.

Енді еңбекке жарамсыз ата-анасын балалары қамқорлыққа алуы тиіс. Бұл міндет Конституция жобасында бекітілді. Бұл ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық ынтымақтастықты күшейтеді дейді комиссия мүшелері. Жаңа құжат азаматтардың жеке қаражаты мен өмірін қорғауды да күшейтеді. Мемлекет банк салымдардың, жинақтардың сақталуына және қаржылық операциялардың құпия болуына кепілдік береді.

БАҚТЫҒОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жаңа Конститутция жобасында әрбір азаматқа жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне, жасына, науқастануына немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға тікелей кепілдік берілген. Сонымен бірге, мемлекет әлеуметтік қамсыздандырудың және қайрымдылықтың түрлі нысандарын дамытуға жәрдемдесу міндетін алып отыр.

Конституциялық комиссия жұмысы әлі де жалғасады. Азаматтар тарапынан түскен өтініш те саябырсыған жоқ. Жаңа жобаның мәтіні жарияланғалы 5 мыңнан аса ұсыныс түскен. Талқылаудың терең жүріп жатқаны қуантады. Өйткені талқылау – ойдың айнасы. Әр пікір өз шындығын көрсетіп, әлсіз тұсын ашады, күштісін шыңдайды. Қысқасы, ұсыныстар қақтығысқанда ақиқатқа жол ашылады, пікірталаста мақсат айқындалады.