Толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек – Тоқаев

Ақорда

Бірақ ашығын айтуымыз керек, инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді. 
 

“Мен былтырғы Жолдауымда бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Осындай тиімсіз жұмысты доғару қажет. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек. Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға болмайды, оны тездету керек.
Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр. Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет.
Мен инвестициялар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшіні тағайындадым. Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге Focal point ретінде шағымдануға болады.
Ал халықаралық қаржы институттарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста болады
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр.
Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын”, – деді Президент.