«Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ». Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент министрлер мен әкімдерге бірқатар міндет жүктеді. Бұған дейін жіберген қателерін жіпке тізіп, кемшіліктерін атады. Шаш ал десе, бас алатын шенеуніктер шала тірліктерімен ширамайтынын айтып, шұғыл шешім қабылдауды бұйырды. Ол үшін «алдымен оқу керек» деген Тоқаев мұнымен не айтқысы келді? Мемлекет басшысының сөзіне немқұрайлы қарап жүрген кім? Маңызды жиыннан әріптесім Аружан Задабек ақпарат таратады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Таңмен таласа Президентке есеп беруге жиналған Үкімет мүшелері бүгін оң аяқпен тұрмағанға ұқсайды. Мекемеге кіре сала Мемлекет басшысы міндерін теріп, мінбердегілерді қатаң сынады. Әркім өз білгенін істеп жүр деп ашынған басшы енді шалыс басқандардың әрекетін мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз деп шегеледі. Қит етсе барлық олқылықты өзіне емес цифрландыруға «жаба салатын» әкімдер де ескерту алды. Мемлекет басшысы мұны өзін қорғаудың, басын арашалап алудың құйтырқы әдісі деп бағалап отыр.
Иә, жылы креслоға жайғасқан жауаптылар үшін бүгінгі жиын езу жиярлықтай өтпегені анық. Мемлекет басшысының Үкімет мүшелерін осылай «тік тұрғызуы» орынды еді. Өйткені елде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық комиссия құрылып, Ата Заңды жаңартуға кіріскен. Халық та белсенді. Өз ұсыныстарын жолдап, ең маңызды құжаттың толыққанды болуына барынша үлес қосып жатыр. Президенттің де қамтылмай қалған мәселеге қатысты айтары бар. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы норманы «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтыруды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия.
Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономика 6,5 пайызға өсті. Бірақ, бұл жағаны кеңге жаюға болады деген сөз емес. Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін міндеттер әлі де бар. Алдымен инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Президент оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек деді. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Жаңа Салық кодексіне қатысты да бірқатар пәрмен берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет. Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады.
Жиында ішіне жиналғанның бәрін жасырмай айтқан Президент министрлер мен әкімдердің жұмыс істеу тәртібіне көңілі толмайтынын да ашық айтты. Тіпті, өзінің сөзін мұқият тыңдаматынын жеткізді. «Не сұқбатымды оқымады, не ұлттық құрылтайдағы айтқанымды елемеді» деген Мемлекет басшысы жауаптыларға «оқу керек» деді. Әйтпесе...
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар.
Президент тым құрығанда бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтауды қолға алса екен дейді. Тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарауды тапсырды. Енді жауаптыларда созбалаңға салатын уақыт жоқ. Үкіметке 1 мамырға дейін уақыт берілді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес.
Енді осы мәселемен күресу маңызды. Ол үшін жауаптылар жауапкершілікті сезінуі тиіс. Бізде Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған істен олқылық шықса, оны бірден цифрландыруға «жаба салады». Мұның әдетке айналғаны соншалықты, Мемлекет басшысының өзі хабардар. Сол үшін құр сөзден құтылып, нақты әрекетке көшуді тапсырды. Бұдан бөлек, цифрландырудың өзін дамытуды жолға қою керек деді. Маңызды міндет бүгін Президент алдында әбден сасқалақтаған Мәдиевке жүктелген.
Цифрландыруды дамыту, әсіресе, әлеуметтік сала үшін маңызды. Мәселен, денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсе де, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі де – осы. Қазір бұған қатысты тергеу басталған. Процесті Президенттің өзі бақылауда ұстаймын деді. Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Біз қазір жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жұмысты жалғастырып жатырмыз. Осы кезеңнің соңына дейін нақты бір ақпараттық жүйе әзірленеді.
Президенттің шетелге сапарлары барысында маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылады. Былтыр шамамен 75 миллиард доллар болды. Мұны мақтанып, марқайып айтып жүрміз. Бірақ одан кейінгі атқарылған істер туралы мүлде ақпарат жоқ. Тым-тырыс күйінде жабылады. Сала мамандарының сылтауы таусылмайды деген Президент осы мәселемен күресуді тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр.
Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі. Бірақ соның тек 18 миллион тоннасы қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел бола тұра дизель отынына тапшылықты сезіп отырмыз. Мал шаруашылығына қатысты мәселе де осыған ұқсас. Әлеуетіміз әлдеқайда зор болса да, қарқыны мардымсыз, жүйе жоқ. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бизнеске ден қоюды тапсырды. Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсынысты 1 сәуірге дейін әзірлеуі керек. Орынсыз тексерісті азайту маңызды. Иә, қазір мораторий бар. Бірақ оның мерзімі аяқталғаннан кейін бәрі бәз қалпына түсуі ғажап емес.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл ретте «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшылыққа алынуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет.
Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман. Осылай деген Президент мұнай, теміржол, энергетика саласына қатысты да бірнеше пәрмен берді. Су тасқынына дайындық ретінде қазірден нақты іс-қимыл жоспары болуын талап кетті. Бұл тұста бұрыңғы қателікке жол бермеу маңызды. Бастысы, қосшыдан басшы көп заманда жұмыс тиімділігін арттыру керек. Жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ деген Президент басшылардың түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отыратынын сынады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қысқасы, бүгін Президент негізгі жұмыстарды нақтылады. Тапсырма берілді. Үкімет мүшелері “орындаймыз” деп тарқасты. Бастысы, бұдан кейін нақты шешімі бар жұмыстар жүйеленуі тиіс. Президент айтқандай, “енді министрлер мен әкімдер нәтижесіз іспен айналысу доғару қажет”.