"Балалар мүддесі аясында баспанадан шығаруға жол бермейтін кепілдіктер бекіту маңызды", - Зәкиева

Жаңа конституция жобасында азаматтардың цифрлық саладағы құқықтарын қорғау міндеті тұр. Өйткені қауіпсіздік мәселесі қалыптасқан ұғым шеңберінен әлдеқашан шығып,  жоғары деңгейге көтерілді. Электронды коммуникация, дербес деректердің қорғалуы сынды мәселелердің заңға енгізілуі жеке өмір құпиясы кепілдігін нығайтады. Әрі цифрлық сервистерге деген сенімді күшейтеді.

ҚУАТ БАЙҒОЖАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Азаматтардың жеке қаржы мәліметтерінің қорғалуы, олардың алаяқтарға қолды болмауын қадағалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондықтан мұндай нормаларға мән беріліп, олардың конституциялық деңгейде бекітілуі цифрлық қауіпсіздік саласындағы заңнаманың әрі қарай дамыту тәжірибесіне берік негіз бола алады. Әсіресе, Конституция жобасының құқықтар мен бостандықтарды кемітпей, оларды жаңа технологиялық жағдайларға бейімдеу қағидатын басшылыққа алатыны азаматтар үшін өте маңызды деп білемін.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрғын үй қатынастары саласында азаматтардың, соның ішінде, балалардың құқықтары жиі шектелетінін айтты. Оның сөзінше, ата-анасынан айырылған балалардың жалғыз баспанадан айырылу қаупі жиі кездеседі. Сондықтан Конституциялық реформаға  соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыру және шығаруға жол бермеу туралы норма енгізу ұсынылды.

ДИНАРА ЗӘКИЕВА, БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:

Аталған норманы Конституциямен бекіту ең алдымен, балалардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, бұл кепілдіктерге тұрақты сипат береді. Осылайша, тұрғын үйге құқық нақты әрі тиімді қорғалу механизміне ие болады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мемлекет ретіндегі қалыптасқанымыздың және адам қадір-қасиетіне деген құрметтің айғағы.