Алматыда жастардың қатысуымен жаңа Конституцияны талқылауға арналған зияткерлік meet-up өтті. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, салалық сарапшылар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қаланың белсенді жастары жаңа Конституция жобасын қолдап, енгізіліп отырған жаңашылдықтардың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Іс-шара ашық диалог алаңына айналып, онда жастар тек сұрақ қойып, өз пікірлерін білдіріп қана қоймай, оларды жасанды интеллекттің аналитикалық қорытындыларымен салыстырды. Бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде алматылық жастар арасында конституциялық батл өткізілді.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл — заман талабына сай, жастардың сұранысына жауап беретін тың формат деп есептеймін. Осындай әртүрлі форматта талқылау жүргізу өте маңызды. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті, олардың барлығы салыстырмалы кестеге енгізілуде. Алдағы уақытта әріптестерімізбен өңірлерге шығу жоспарланып отыр.