Әйелдерді аңдығаны үшін қамауға алынды

Шымкентте екі ер адам әйелдерді аңдығаны үшін қамауға алынды. Полиция қызметкерлері сталкингтің екі дерегін анықтап, жолын кесті. Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын-соңды таныс болған. Полицияның дерегінше, ер адамның бірі таныс келіншекпен қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан, әйелді мазалауын қоймаған. Күдікті түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазып, тіпті үйімен жұмыс орнына дейін барып, тыныштығын бұзған. Жәбірленуші онымен байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден қашқанымен, қудалау тоқтамаған. Ал екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған жайт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

ЕРКЕБҰЛАН ЕРЕЖЕПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әйелдердің қарым-қатынастан бас тартқанына қарамастан ер адамдар оларды аңдып, байланыс орнатуға тырысқан. Күдіктілер жедел түрде ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық істер сотқа жолданды. Полиция мұндай құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалар қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.