Елімізде топырақ мәселесі маңызды. Әсіресе жер, су эрозиясы жылдан жылға өзекті болуда. Ашық аймақтарда орман мен таудың жоқтығы желдің күшін арттырып, құнарлы топырақтың жойылуына себеп болып отыр. Ғалымдар осылай деп дабыл қағуда. Ақтөбеде «Топырақтың алты дюймі» атты деректі фильм көрсетілді. Шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеттің ұйымдастыруымен өтті.
Шараның арнайы қонағы -Ұлыбритания елшілігінің климат мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Кирри Хендриксен. Деректі фильмде табиғатты қорғау, жер ресурстарын ұтымды пайдалану және экологиялық жауапкершілік мәселелері қозғалады. Фильм жастарды табиғатқа бейжай қарамауға, қоршаған ортаны қорғауға үндейді.
ЖАҚСЫЛЫҚ АЛМАНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:
Топырақ мықты мәселе болып тұр. Жер эрозиясы және су эрозиясы қатты жүріп жатыр біздің жақта. Мына далалық болғасын, орман жоқ, тау жоқ болғасын мына желі күшті, жер мына 365 күн болса жылында соның 365 күн жел болады-ау деймін.
КИРРИ ХЕНДРИКСЕН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЛИМАТ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Фильм көрсетілімінің негізгі мақсаты-регенеративтік ауыл шаруашылығы туралы тың ақпаратты жеткізу және осы тақырыпта ашық дискуссия қалыптастыру. Деректі фильм көрермендерге жерді тиімді пайдалану, топырақ құнарын қалпына келтіру және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.