Конституция жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түсті

Фото: скриншот

Конституциялық комиссияға жаңа Конституция жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның ХІІ отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.

- Бүгінге дейін Конституциялық комиссияның атына 10 мыңнан астам өтініш келіп түскенін хабарлағым келеді. Бұл - комиссия мүшелерінің, азаматтардың, азаматтық қоғам өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығының, бизнес құрылымдарының және өзге де мүдделі тараптардың ұсыныстары, - деді отырысты ашқан Конституциялық сот төрағасы.

Оның атап өтуінше, барлық келіп түскен материалдар жүйеленіп, тақырыптық бағыттар бойынша топтастырылды.

- Әрбір бағыт бойынша құқықтық және мазмұндық талдау жүргізілді. Ұсыныстар олардың негізділігі және іске асырылу мүмкіндігі тұрғысынан бағалануда. Мұндай белсенділік қоғамның жоғары деңгейдегі қатысын айқын көрсетеді және жаңа Конституция жобасын талқылаудың шынайы ашық әрі мазмұнды сипат алғанын дәлелдейді,- деді Эльвира Әзімова.