"Ауыл халқы тезек теріп жүргенде, «Qazaqgaz» қызметкерлері кофе ішіп жүр" – Е.Саиров

Өңірлерде тұрмыстық газды тұтыну нормасы енгізіледі. Депутаттар әр облыстың климаттық жағдайын ескере отырып, сараланған тариф белгілеуді ұсынып отыр. Әр үйге ақылды есептегіш те орнатылады дейді сала мамандары. Бірақ бұл заң жобасы көгілдір отын тартылған аймақтарға ғана қатысты. Газға әлі қол жетпеген  Арқа мен Алтай халқы тезек теріп, көмір жағып  қашанғы жүреді? Мәжіліс мінберінде сөз алғандардың жоспары қандай? Айсәуле Съезбек тарқатады.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Айдағаны бес ешкі ысқырығы жер жарады. Бұл мәтелді бүгін мәжілісмендер «Qazaqgaz» ұлттық компаниясына қарата айтты. Жылына 350 млн куб газ ғана өндіретін мекемеде 10 мыңнан астам қызметкер бар. Олар қыруар айлық алып, кофе ішуден қолдары босамай жүргенде, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан халқы тезек теріп, көмір жағуға мәжбүр. Әлем елдері жасанды интеллектің көшінен қалмауға тырмысып жатқанда, базалық минимумға қол жеткізе алмау – ұят тірлік. Депутат Ерлан Саиров «Qazaqgaz» өкілінен аталған аймақтарды көгілдір отынмен қамтудың нақты шешімдерін әзірлеп беруді талап етті. 

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Салалық министрлік өкілі айтады «Шығыс Қазақстанға газды апарудың ауылы өте алыс» деп айтып отыр өзі. Енді ана  10 мың адамды  кофе ішетін босатып, соның ақшасын газ тартуға жіберу керек. Ол – халықтың ақшасы. Осының нақты жоспарын жасап, бізге беріңіздер. Ертең ауылға барған кезде ана тезекпен отырған біздің ағайындарымызға біз нақты жауап беруіміз керек.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ: 

10 жылдан бері газ өндіретін Зайсан ауданының халқы да көгілдір отынның қызығын әлі көре алмай отыр. Шетелге газ экспорттайтын құбыр бар. Бірақ ауыл-ауылға тартуға жауаптылардың құлқы жоқ.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

6 айдан аса қыс болады. Халық үйін жылту үшін көмір қолданады. Яғни, қорадан шелекке салады. Пешке жағады. Қайта шығарады күлін. Өте қиын халыққа. Бұл мәселені жиі көтереді.  Және де көмірдің бағасы қазір 30-34 мың болып кетті бір тоннасы.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ: 

Энергетика министрлігі өңірлерге газ жеткізуді жылдар бойы Ресей мен Қытай шешіп береді деп жоспарлап келіпті. Яғни, олар құбырды біз арқылы тартса деп үміттенген. Бірақ Қытай Моңғолияны таңдапты. Енді салалық министрлік тек Ресейге иек артып отыр.

ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Солтүстік өңірлер туралы біз Ресей федерациясымен өткен жылы Петербург қаласында форумда меморандумға қол қойдық. Яғни, бірінші газ егер 2030 жылы келетін болса, бұл «Ишим-Астана» деп аталатын жоба. Бұл Астанадан Көкшетау қаласына, Көкшетаудан Петропавл қаласына дейін өтетін құбырлар. Яғни, солтүстік өңірлерді газбен толық қамтуға мүмкіндік береді.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ: 

Көкшетау, Торғай мен Ырғыз, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан және Абай облыстары газ тартылмаған өңірлер есебінде әзірге қала беретін секілді. Елдің бас энергетиктері әзірге коммуналдық қызметтердің тарифі көтерілмейді деген болжамымен ғана қуантты.