Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесін қалыптастырады – депутат

Фото: скриншот

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Сергей Пономарев ұсынылып отырған Конституция жобасы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нақты тетіктерді бекітетінін мәлім етті.

Сөз басында ұсынылып отырған конституциялық нормалар тұрақты әрі адамға бағдарланған саясаттың негізін қалайтынын мәлім етті.

«Жаңа Конституция жобасын қолдау ұстанымым бүгінгі қоғамның қалай өмір сүріп жатқанын және азаматтар тарапынан қандай сұраныстар қалыптасып отырғанын түсінуге негізделген. Қоғамдық және парламенттік жұмыста адамдардың мемлекеттен түсінікті ережелерді, тең қарым-қатынасты және ертеңгі күнге сенімді күтетінін үнемі көресің. Бұл үміттер Ата заңда қандай құндылықтар мен қағидаттар бекітілгенімен тікелей байланысты. Үкіметтегі кеңесте сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы ұсынылып отырған түзетулердің түпкі мәні бір нәрсеге – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға саятынын атап өтті. Жаңа Конституция жобасы дәл осы логикаға негізделген. Ол адам құқықтарының тұтас кепілдіктер жүйесін қалыптастырып, декларациялармен шектелмей, оларды қорғаудың нақты тетіктерін қарастырады», – деді Сергей Пономарев.

Сөзін жалғай отырып, Ата заң жобасы мемлекеттік дамудың неғұрлым орнықты әрі жауапты үлгісін қалыптастыра отырып, қоғамдық сұранысқа жауап беретінін, құжат ұзақ мерзімді перспективаға бағытталғанын, онда мемлекет болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінетінін тілге тиек етті. Сол сияқты мәселе қоршаған ортаны сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты экономиканы және әлеуметтік тұрақтылықты өзара байланысты құндылықтар ретінде қарастыру туралы болып отырғанын қозғап өтті.

«Жобаның маңызды элементтерінің бірі – азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Қоғамдық бірлестіктердің еркін қызметі және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту тұрақты диалог пен қоғамдық бақылауға жағдай жасайды. Бұл басқару жүйесін ашық әрі түсінікті етіп, қабылданатын шешімдерді салмақты етеді. Заң мен сот алдында барлығының тең қағидаты өзгеріссіз қалады. Ол әділ құқықтық тәртіптің негізін қалыптастырып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады. Бұл адамдардың құқықтары әлеуметтік мәртебесіне, кәсібіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан бірдей қорғалатынын білдіреді. Негізгі заң жобасы азаматтардың мемлекеттік басқаруға және мемлекеттік қызметке араласуына тең қолжетімділікті де бекітеді. Мұндай тәсілдің өзегінде кәсібилік, жауапкершілік және нәтижеге жұмыс істеу қағидаттары жатыр. Бұл мемлекеттік басқару сапасына және ел дамуының тұрақтылығына тікелей әсер етеді», – дейді депутат.

Мәжілісмен сөз арасында көпұлтты қоғамдағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту ерекше маңызға ие екенін, әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеу, тең құқықтылық және қоғамдық үдерістерге кеңінен қатысу тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізін қалайтынын айрықша атап өтті

«Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы – қоғамның нақты үміт-тілектерін бейнелейтін және президент айтқан басымдықтарға сай келетін байыпты әрі тұтас құжат. Ол қазіргі және келешек ұрпақ мүддесін ескере отырып, мемлекет жауапкершілігінің айқын бағдарларын – адам құқықтары, экономика, қауіпсіздік және әлеуметтік сала бағыттарын айқындайды. Сөз соңында әріптестеріме бірлескен жұмыс пен мазмұнды талқылау үшін алғысымды білдіремін. Ұсынылған жобаны жан-жақты пысықталған және теңгерімді құжат деп санаймын, осы күйінде оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға болады», – деп Сергей Пономарев сөзін түйіндеді.