Шымкентте ағаштың бұтағының астындаға қалған оқушы қаза тапты

Шымкентте ағаштың бұтағы құлап, астында 10 жастағы бала қалып қойды. Ақ ұлпаны көтере алмай, майысып тұрған ағаш бұталары сынған сәтте ойын баласының шекесіне тиген көрінеді. Оқушы сол жерде жан тапсырған. Бұл айтып келмейтін ажал ма, жоқ әлдекімдердің салғырттығының салдары ма? Полиция қылмыстық іс қозғады.

Жазатайым жағдай кеше түс ауа болған. Сынған бұтақтардың арасында жатқан баланы алғаш көріп, көмек шақыртқан да осы коммуналдық қызметшілер. Өздері де шошынып қалған. Ал бақилық болған бала бір үйдің жалғызы екені айтылуда. Көршісінің білуінше, келіншек жалғыз ұлымен осындағы көпқабатты үйде 10 жылдан бері пәтер жалдап тұрған. Оқиға болған сәтте аспаз болып еңбек ететін анасы жұмыста болыпты. 

Баланың денесі бірден мәйітханаға жіберілген. Сынған ағаш баланың шекесіне тиген деген ақпарат айтылуда. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Адам өліміне әкеп соққан қызметтік міндеттеріне адал қарамау жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, кәмелетке толмаған бала ойнап жүріп, қалың қар жиналған ағаш бұтақтарын өзіне қарай тартқан. Нәтижесінде ағаш құлаған. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Оқиға болған аумаққа бүгін бірнеше бригада көмекке келген жұмылдырылған. Коммуналдық сала қызметшілері аумақтағы қауіп төндіруі ықтимал ағаштарды шетінен кесіп, табиғаттың тосын мінезінен сынған бұталарды бұтап жатыр. Айтпақшы, сейсенбіде жауған жауынның соңы қарға ұласып, қаланың сәні кіріп қалғанымен ақ ұлпаны көтере алмай сынған ағаштар мегаполисте аз емес. Болған жағдайға байланысты қала билігі жазбаша жауаппен шектелді. 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:

Шымкентте ауа райының қолайсыздығынан ағаш құлап қайтыс болған баланың туған-туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Қайғылы жағдайға қатысты қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі.

Айта кетейік, қауіпсіздік үшін көпқабатты үйлердің төңірегіндегі  ойын алаңшалары мен ағаштар арнайы қоршалған. Тағы бір қауіп тумасын дегеннен болар. Тек тым кеш пе дерсің. Ал марқұмның анасы жалғыз ұлының денесін жер қойнына тапсыруға мәйітханадан бүгін ғана ала алады. 

Айтпақшы, Шымкентте қалың қардан кешелі бері электр жарығы жиі сөніп, интернет байланыссыз қалған аумақтар аз болмай тұр.