БҚО-да бухгалтер 118 миллион теңгені құмар ойынға тіккен

Батыс Қазақстан облысындағы ветеринариялық мекемелердің бірінің есепшісі 118 миллион теңге қазына қаржысын құмар ойындарға жұмсаған. Бюджет ақшасын бәске тіккен ол мұнымен шектелмей, артылған ақшаға жаңа көлік сатып алыпты. Қомақты қаржының қолды болғанын аймақтағы ветеринариялық мекемелерді тексерген прокурорлар анықтаған. Тексере келгенде майлы жіліктің басын ұстаған есепшінің 6 жылдан бері мемлекет ақшасын майшелпекке айналдырғаны мәлім болды. Қазір ол қамауда отыр. Құзырлы органдар оның су жаңа көлігін де тартып алған. Төрт түлікке тиесілі "несібеден" жеген күдікті енді 590 миллион теңге айыппұл төлейді немесе дүние-мүлкі тәркіленіп, түрмеге отырады. Былтырдың өзінде өңірде құмар ойындарына құмарлығы үшін 16 мемлекеттік қызметші жұмыстан қуылыпты.

ҚАЙРАТ ҚҰЛЕКЕШЕВ, БҚО ПРОКУРАТУРАСЫ ҚОҒАМДЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Прокурорлық тексеру кезінде аудандағы ветеринариялық қызметте аса ірі көлемде бюджет қаржысының жымқырылғаны анықталды. Кәсіпорын есепшісі бұл ақшаны букмекерлік кеңсеге бәс тігіп жұмсап жіберген. Мемлекетке келген шығын 118 миллион теңге. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.